• Басты
  • А.Сарым: Қазіргі қазақ баспасөзі билікке тәуелді
7 Ақпан, 2020 13:07

А.Сарым: Қазіргі қазақ баспасөзі билікке тәуелді

Еліміздің бас қаласында QazForum-2020 қазақ тілді онлайн-контент жасаушылардың IV форумы өтіп жатыр. Аталған форум "Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?" алғашқы пленарлық талқылаудан басталды. Белгілі қазақстандық саясаттанушылар Айдос Сарым және Самат Нұртаза, "Tarlan.kz" веб-сайтының бас редакторы Нұрғали Нұртай, "Nege.kz" веб-сайтының бас редакторы Ерик Рахым және "Айқын" газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев елдегі болған соңғы саяси өзгерістердің қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына әсерін талқылады деп хабарлады Strategy2050.kz тілішісі.

А.Сарым: Қазіргі қазақ баспасөзі билікке тәуелді

Саясаттанушы Айдос Сарым өз сөзінде қазақ тілді контент жасаушылардың үш проблемасын атап өтіп, басты проблемасы - қазіргі қазақ баспасөзінің билікке тәуелділігі екендігін баса айтты.

"Қазақ баспасөзі ағартушылық функция атқарып бастады. Мәселен, біздің алаш қайраткерлері өздерінше ізденіп, қазақтың жоғын жоқтап, басты мәселелерге назар аударды. Біз контент сапасын арттыруға өзімізді шектеп келеміз, біріншіден, билікке тәуелдіміз, сондай-ақ қоғамдық пікірге де тәуелдіміз. Шынымен де жұртқа ұнасын, ұнамасын айту керек. Қазір де медиада қазаққа ұнамайтын әңгіме айту жоқ,  тек халыққа ұнайды деген тақырыптар қозғалуда. Лайк жинайтын,  пікірлер көп жазылады деген бағытта жазылуда",  -  деді саяасаттанушы.

Оның сөзіне сүйенсек, бүгінгі баспасөзде білім беретін, ойдың қалыптасуына септігін тигізетін, қоғамды алға жетелейтін ақпарат құралдары өте аз.

image-07-02-20-10-49-2.jpeg

"Тарихты зерттеу қазақ баспасөзінде жақсы жолға қойылған. Осымен әлі күнге дейін айналысып жүрміз. Мәселен, "Орбұлақ" шайқасы болды ма, болған жоқ па?" деген секілді әлі айтып жүрміз. Есесіне қоғамды алға жетелейтін, дамуға мүмкіндік беретін платформа жоқтың қасы. Тағы сондай мәселе, "Мен қазақпын, мен қазақпын" деген төмен деңгейдегі әңгімелер айтылып жатады. Қазақ екеніңе күмәнданасың ба? Біз әлі күнге өзімізге сенбейтін сияқтымыз. Сондықтан сапаны дамытып, халықты сыни ойлауға үйрету үшін сапалы платформаларды көбейту керек", - деді Айдос Сарым.

Сонымен қатар Айдос Сарым қазақстандық сайттардың бір-біріне ұқсап кеткенін, жаңашылдықтың жоқтығы жөнінде сөз қозғады.

"Бүгінгі күні саяси транзит басталды. Бұл тек биліктің ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Еілімізге шынайы партиялар, шынайы талқы қажет. Қоғамдық телеарна деген мәселені көтеру керек. Сондай-ақ оңшыл газеттер, солшыл газеттер, орта таптың мәселесімен айналысатын ақпарат құралдары пайда болса деген тілегім бар. Жоғарыда атап өткенімдей, тарихтың дауы емес, шын саяси дау керек. Әйтпесе, қазір қазақ баспасөзінің иісі қалмаған сияқты. Қазақ газеттері бір-біріне ұқсап кетті. Қазақ сайттары да бір-бірінен айнымайды. Редакторлары ауысады, не болмаса жаңа сайт құрылады. Алайда ғаламат өзгеріс көрінбейді", - деді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол өз сөзінде қазіргі биліктің күшейгенін қалайтынын атап өтті. Өйткені оның айтуынша, әлсіз билік өзгеріс әкелетін реформалар жасай алмайды.

Ал жиынға қатысқан "Айқын" газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев Айдос Сарыммен келісе алмайтындығын айтты. Оның айтуынша, отандық баспасөз дағдарыс жағдайында емес, керісінше сапалы дүниелер жазылуда. 

"Айдос Сарымның баспасөзде дағдарыс жүріп жатыр дегенімен келіспеймін. Жалпы отандық ақпарат құралдарында сапалы материалдар жарияланып жатыр. Мәселен, қазақ баспасөзі қазір "Қазақ", "Мен қазақпын", "Қазақтың дәстүрі" дегендерден кетті. АСП секілді тақырыптарды есептемегенде, жасанды интеллект, 5G, индустрияның артықшылықтары мен мүмкіншіліктері сияқты тақырыптар қамтылып жатыр", - деді бас редактор. 

Сондай-ақ Нұрмұхамед Байғараев технология қарыштап дамыған заманда газеттің жұмысын жолға қою үшін не істеу керек деген бағытта әңгіме қозғады. Оның сөзіне сүйенсек, газет журналистері басқа ақпарат құралдарында жарық көрмеген мәселелерді көтеріп, сараптамалық материалдар ұсынуға назар аударуы қажет. 

image-07-02-20-10-49-3.jpeg

"Газет жылдамдық жағынан келгенде сайттарға ілесе алмайды, бірақ импульс беруге тырысады. Мәселен, "Егемен Қазақстан" аптасына бір рет шығады, ал "Айқын" төрт рет шығады. Теледидардағы жаңалықтар күніне 4-5 рет шығады. Ақпараттық нарықта қалай тірі қалады деген сұраққа жауап берсем, біріншіден, газет бәсекелестерінде жоқ нәрсені беру керек, оларда қозғалмаған мәселені көтеру қажет. Газеттің ақпараттық нарықтағы басты бәсекелесі - сайттар. Олардың басты мақсаты - ақпаратты барынша жылдам беру. Ал газеттер болып жатқан өзекті мәслелерді сараптап, терең зерттеп, жан-жақты жазуы керек. Өйткені газет дамуының басқа бағыты жоқ. Сонымен қатар газет міндетті түрде цифрлы медиасын дамытуы қажет", - деді ол.  

Бұдан басқа "Айқын" газеті бас редакторының сөзінше, технолгияның дамуы газеттің жарық көріп, тиражының азаюына әсер етпейді. Ол Жапонияны мысалға келітіріп, былай дейді: "Әлеуметтік желі, интернеттің қарыштап дамуы бізде ғана емес, әлемде жүріп жатқан тенденция. Десек те, мысалы, жапон елінде күніне екі рет шығатын газеттер бар. Олардың таралымы миллионға жетеді. Ал Жапонияны технология жағынана дамымай қалған қоғам деп айта алмаймыз. Демек, технология газетті өлтіреді деген дұрыс түсінік емес".  

Сонымен қатар аталмыш пленарлық пікірталасқа қатысқан "Nege.kz" сайтының бас редакторы Ерік Рақым газеттердің мемлекеттен тәуелсіз болу керегін атап өтті. 

image-07-02-20-10-40-5.jpeg

"Жеке инвесторлар "Егемен Қазақстанды",  " Айқынды",  "Казправданы" "Литерді" қашан қолына алады,  бірқатар мәселе сонда шешіледі. Газеттер қашан тәуелсіз болады,  сол сәтте проблема өзінен-өзі шешімін табады. Өркениетті елдерде мемлекеттік не болмаса бір партияның газеті дегенді мен түсіне алмаймын. Ондай журналистиканы қалай қабылдау керегін түсінбеймін мен. Тәуелсіз болу керек. Басқалай ештеңе шешілмейді", - деді Ерік Рақым.

Бұдан басқа аталған жиынның сұрақ-жауап кезеңінде журналист Нәзия Жоямерген қазақ тілінде контент жасаудың басты проблемаларына тоқталып өтті. Ол өз сөзінде 6 негізгі мәселеге тоқталып, оны шешу жолдарын ұсынды.

"Біріншіден, журналистиканың ықпалын күшейту қажет. Қазір қазақ қоғамындағы журналистердің беделі, ықпалы төмендеп кеткендігі жасырын емес. Мәселен, бір мысал, қоғамдық кеңестің жұмысы кезінде журналистерді қызыл лентаның ар жағына лақтырып жіберді, ал екіншісінде қабырғамен бөліп қойды. Осындай халық үшін маңызды жиында биліктің "Біз журналистерді сыйламаймыз" деген ашық көзқарасы тұрды. Екіншіден, салалық журналистиканы дамыту қажет. Үшіншіден, басшылар тарапынан қазақ тіліндегі сапалы контент талап етілу керек. Хайп, рейтинг қуу, оқырман осыны қалап отыр деген бос әңгіме", - деді "Түркітілдес журналистер қоры" ҚҚ президенті.

Сонымен бірге ол монетизация мәселесін жолға қою керектігін атап өтті. 

image-07-02-20-10-40-3.jpeg

"БАҚ әлі күнге мемлекеттік тапсырыс, тендерге байланып отыр. Сол себепті қаржылық тәуелділіктен арылу қажет. Сонымен қатар, жаңа медианы дамыту, әсересе, аймақтарда жаңа медианы дамытуды қолға алған жөн. Бұған дейін Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев биыл аймақтарда осы жаңа медиаға қатысты тренинг, семинар өткізілетінін айтып кетті, құптарлық іс. Соңғысы, журналистика саласындағы аға буын мен жас буынның байланысын нығайту қажет. Жастарға бағыт-бағдар беруді қолға алу керек", - деді журналист. 

Алайда айта кету қажет, осынау қазақ тіліндегі БАҚ-тың жай-күйі әңгіме болған басты шарада Ақпарат министрлігінен не басқа мемлекеттік органнан ешқандай өкіл қатыспады. Осыдан бірер күн бұрын бағдарламада ҚР Ақпарат министрі Дәурен Абаев болған болса, форум өтетін күннен бір күн бұрын оның орнына ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин енгізілген. Алайда форумнан Ерлан Қаринді де, Дәурен Абаевты да көре алмадық. 

Еске салайық, форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам медиа мамандары жиналды. Форумның тақырыбы: "Жаңа онжылдықтағы БАҚ: өзгерту уақыты және өзгеру уақыты" қазақ тілді БАҚ дамуының жаңа тенденцияларын талқылауды қамтиды. Мықты сарапшылар мен журналистер, блогерлер мен бейне-контентті жасаушылар қазақ тіліндегі контенттің өзекті мәселелерін талқылауда.

Назерке Сүйіндік 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды