• Басты
  • А.Сарбасов: 42 500 тағайындалмаған өтініштер қайта қарастырылады
26 Мамыр, 2020 13:00

А.Сарбасов: 42 500 тағайындалмаған өтініштер қайта қарастырылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде төленетін төлемді тағайындау жайын қорытындылап, төлем тағайындалмаған өтініштерді қайта қарастыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшсі.

А.Сарбасов: 42 500 тағайындалмаған өтініштер қайта қарастырылады

Вице-министрдің төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілердің өндірістік қызметі мен жұмысшылардың жұмыс орнына қолжетімділігі шектеулі болғанын атап өтіп, үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылдағанын айтты.

"Мәселен, Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы қабылданды. Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары аясында 2020 жылы жұмыспен қамтуға тікелей ықпал ету шаралары 1,2 миллион адамға жетеді. Сонымен қоса мемлекет табысынан айрылған кәсіпкерлер мен жұмысшыларды қолдау мақсатында төтенше жағдай туындаған кезде әлеуметтік төлем тағайындады", - деді вице-министр.

Осылайша ол бұл төлемге қандай санаттар ие болатынын айтты.

"Ақысыз еңбек демалысына жіберілген ШОБ, ірі кәсіпкерлік субъектілері (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес ұйымдар (мемлекеттік секторды қоспағанда) жұмысшылары, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (оның ішінде БЖТ төлеген бейресми жұмыспен қамтылғандар), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалар төлемге ие бола алады", - деді вице-министр.

Сонымен қоса ол өтініш беру үдерісін барынша жеңілдетілгенін атап өтті.

"Ол үшін әртүрлі техникалық шешімдер іске асырылды: 42500.enbek.kz веб-порталы; «Электрондық үкіметтің» веб-порталы; 18 Telegram-бот; ұялы телефон нөмірі тіркелсе, өтінім берусіз (проактивті). Банктердегі ұзын-сонар кезектің пайда болу қаупін азайту мақсатында, банк деректемелерінсіз өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды, есепшоттарды онлайн ашу бойынша шаралар қабылданды. Бұл шаралардың барлығы өтініштерді беру және қарау үдерісін тездетуге мүмкіндік берді. Барлығы 8 миллион адам өтініш берді, оның 4,6 миллионына тағайындалды. Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды", - деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.


Оның сөзінше, алғаш рет 194,2 млрд теңге сомасындағы 4,6 млн төлем тағайындалды, оның ішінде бірінші айға 158,9 млрд теңге сомасында 3,7 млн, екінші айға 35,4 млрд теңгеге 834 мың тиесілі. Екінші айда 2,9 миллион адамға төлем ұзартылды, 122,2 млрд теңге төленді.

"Біз бұған дейін де айтқанымыздай тағы бір еске салғым келеді, жалдамалы қызметкерлерге әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудың басты шарты - бұл ақысыз демалыста болу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, басқа санаттар үшін төтенше жағдай кезінде толық кірістен айырылу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі болды. Ал АҚС шарттары бойынша жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы жарналарының болуы сұралды", - деді ол.


Оның айтуынша, Еңбекмин және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған. 

"Осыған байланысты оларға әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартылды. Біріншіден, төлемді тағайындамау келесі мәселелерге байланысты болды, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы, төтенше жағдай кезінде зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың өсуі (сәуірде), жеке кәсіпкерлердің кірісті жоғалтқанын растамауы, бірнеше кірістің болуы, өтініште көрсетілген жұмыс беруші зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеушіге сәйкес келмеді", - деді ол.


Сонымен қатар вице-министр өтініш берушілердің мәртебесі бойынша да төлемдер тағайындалмағанын айтып өтті.

"Жұмыссыздық мәртебесінің болуы, қайтыс болған адамдардың атынан жалған өтініш жолдау, шетелге шығып кеткен адамдардың атынан өтініштер, қамауда отырған адамдардың өтініштері, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың, квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және басқа кәсіпорындардың қызметкерлерінің өтініштері, белсенді зейнетақы және жәрдемақы алушыларға тағайындалмаған", - деді вице-министр.


Сондай-ақ вице-министр төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты, 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталғанын атап өтті.

"42 500 теңге" төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштеріне байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай төлемдерді тағайындаудың іс-қимыл сызбасын әзірледі. Бұдан бұрын бас тарту туралы шешім қабылданған "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындау өтініштерін қайта қарау үшін, аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек", - деді Ақмәди Сарбасов.


Сонымен кімдер өтініш бере алатынын атап өтті. 

"Жұмыс беруші тарапынан – ШОБ, ірі кәсіпкерлік (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес заңды тұлғалар үшін. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (оны тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі. Өз бетінше – өздеріне қатысты әлеуметтік төлемді тағайындаудан  бас тарту (оны тоқтату) туралы  шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша жұмыс істейтін адамдар", - деді ол.


Оның сөзіне сүйенсек, ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығының бары немесе жоғы туралы қорытынды шығарады. 

"Оң қорытынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне беріледі, ол "Өтініш берушінің электрондық іс макетін" қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық (қалалық) штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарымен аудандық (қалалық) штабтың жұмыс органы арқылы облыстық (қалалық) штабқа жүгінеді, содан кейін қайта қарау процедурасы қайталанады. Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында, өтініштер 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін қаралатын болады", – деді Ақмәди Сарбасов.


Ақмәди Сарбасов, сондай-ақ, карантиндік шаралар жағдайында жұмысын қайта бастауына рұқсат етілмеген жұмыс берушілердегі қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруға және олардың еңбегіне ақы төлеуге қатысты мәселелер туындағанын атап өтті. Осыған байланысты, ол, қолданыстағы еңбек заңнамасында өндірістік қызметке қатысты  толыққанды шектеулер болған жағдайда, еңбек қатынастарын ресімдеудің бірнеше нұсқалары қарастырылғанын атап өтті.

"Біріншіден, қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі (Еңбек кодексінің 138-бабы). Қашықтағы жұмыс шарттары еңбек шартына қосымша келісімдерде белгіленеді, ал жұмыс беруші қызметкерді қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, толық емес жұмыс күні. Жұмыс беруші толық емес жұмыс күнін (күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы не осы екі нұсқа да) белгілеуге құқылы. Үшіншіден, ақысы төленбейтін демалыс. Оған қызметкердің бастамасы бойынша және жұмыс берушінің келісімімен ғана рұқсат етіледі (некені тіркеу, баланың тууы, жақын туыстарының қайтыс болуы жағдайында жұмыс берушінің келісімі талап етілмейді)", - деді вице-министр.


Сонымен қатар оның сөзнше, жұмыс беруші мен қызметкердің бақылауына жатпайтын жағдайларға байланысты тоқтап тұруды ресімдеу керек.

"Тоқтап тұру 1 ең төменгі жалақыдан (42 500) кем болмайтын мөлшерде төленуі керек. Тоқтап тұру барлық ұйымдарға сай келмейтінін атап өткен жөн – тоқтап қалу себептері ұйымның жұмыс істеуін жалғастыруының мүмкін болмауына негізделуге тиіс (мысалы, егер Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен осы ұйымның қызметіне толық немесе ішінара тыйым салынған жағдайда). Біз шектеулердің бар екенін түсінеміз, бизнес толық көлемде өндірістік қызметін жүзеге асыра алмауда. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық адал жұмыс берушілерге белсенді азаматтық ұстанымы, қызметкерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмыс орындарын сақтап отырған үшін алғыс айтқым келеді", – деп түйіндеді вице-министр.


ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды