• Басты
  • А.Сапаров: Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға қосымша 100 млрд теңге бөлінді
24 Сәуір, 2020 17:28

А.Сапаров: Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға қосымша 100 млрд теңге бөлінді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға қосымша 100 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Қазақстандағы көктемгі егіс науқанының барысы және қаржыландыру жұмыстарының атқарылуына арналған онлайн баспасөз мәжілісінде ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлады Stratagey2050.kz тілшісі.

А.Сапаров: Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға қосымша 100 млрд теңге бөлінді

Вице-министр мемлекет басшысы көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімдерде жүргізу үшін жағдай жасауды тапсырғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл тапсырманың орындалуы Министрлікте де, әкімдікте де барлық деңгейде жүзеге асырылуда.

"Карантиндік жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көктемгі дала жұмыстарының мерзімін сақтауда. Егіс науқаны 7 өңірде жүргізілуде. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаздық егіс алқабының 16 пайыздан 80 пайызға дейіні егілді. Жамбыл облысында 326 мың га (жаздық егіс алқабының 81%), Алматы облысында – 239 мың га (38%), Түркістан – 230 мың га (34%), Қызылорда – 28 мың га (16%).


Оның сөзіне сүйенсек, елдің өзге өңірлерінде де егіс жұмыстары басталу сатысында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында егін егуді бастады.

"Ағымдағы жылғы 24 сәуірдегі жағдай бойынша республиканың қалған өңірлерінде егіс алдындағы жұмыстары жүргізілуде. Өңірлер арзандатылған жанар-жағармаймен, тұқымдармен қамтамасыз етілген, тыңайтқыштарды жөнелту жүргізілуде. Техникалар дайын. Егіс жұмыстары бұрын болмаған карантин жағдайында өткізіліп жатқанын тағы да атап кету қажет. Азаматтардың жүріп-тұруын шектеуге байланысты блок-посттардан өту қиындақтарына қатысты бізге фермерлерден, салалық ассоциациялардан көптеген шағымдар келіп түсті", - деді вице-министр.


Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы министрлігі бірыңғай Шаруалардың жүріп-тұруы алгоритмін әзірлегенін, ол  Мемлекеттік комиссияның 17 сәуірдегі отырысында мақұлданғанын айтып өтті. Оның айтуынша, бұл алгоритм әкімдіктерге жеткізілді.

"22 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігінде Ішкі істер министрлігімен бірлескен кеңес өткізілді, оған Деңсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қатысты. Нәтижесі – блокпосттарда қағаз құжаттар да, электрондық рұқсаттар да ескерілуі тиіс деген бірауыз қорытынды. Бұған дейін республикамыздың бас санитарлық дәрігердің сәйкес қаулысы шыққанын естеріңізге саламын", - деді Айдарбек Сапаров.

Бұл ретте, оның айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігімен көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы барлық жергілікті полиция құрылымдарына жеткізілген және сәйкесінше оларды жүзеге асыруға жұмылдырылған адамдар мен көліктердің жүріп-тұруына кедергілер туғызбау бойынша нұсқаулықтар берілген. 

"Ең бастысы әкімдіктер жергілікті жерлерде дер кезіңде әрекет етулері және шұғыл штабпен байланыс ұстаулары қажет, өйткені оның өкілдері күнде блок-посттарда жұмыс жасауда. Ауыл шаруашылығы министрі еліміздің Премьер-Министрі тапсырмасы бойынша Ақмола және Қарағанды облыстары блок-посттарының жұмыстарын жеке тексерді. Фермерлер кедергісіз өтуде. Әрине де блок-посттарда түсініспеушіліктер болуы мүмкін, олар бойынша біз жедел түрде жұмыс жасайтын боламыз. Мәселенің шешілгенін қайта атап өткім келеді", - деді вице-министр.

Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру басты сұрақтардың бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы бағыттарға қосымша 100 млрд теңге бөлінген. 

"Жалпы фермелердің ақша қаражаттарына қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін арзандатылған сыйақы бойынша қаржыландыру және фермерлердің өнімдерін форвардтық сатып алу сияқты құралдар қарастырылған", - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған бюджет қаражатының көлемі 10 млрд теңгеге ұлғайтылғанын атап өтті.

"Жалпы қаражат көлемі – 70 млрд теңге, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Негізгі фактілерге тоқталсам, 1 шаруаға арналған орташа чек 29,6 млн теңгені құрады. Шаруалар ұсынатын құжаттар тізбесі қысқартылды: заңды тұлғалар үшін 27-ден 13-ке дейін, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер үшін 16-дан 12-ге дейін. "Кең дала" несиелендіру бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиемен 2346 агроөнеркәсіп субъектіне қолдау көрсетілді. Қолдаумен қамтылған жалпы егістік алқап 3 миллион 50 мың гектарды құрады", - деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінген.

"Соңғы несие алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайыздан аспайды, қаражат 12 ай кезеңіне беріледі. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына жаңа ЭҚЖК кодтары, яғни қызмет түрлері қосылды. Бұл жеңілдетілген пайызбен несие алу көптеген негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары үшін қолжетімді деген сөз. Бағдарлама қаражатын Аграрлық несие копрорациясы, несие серіктестіктері, оның ішінде банк кепілдігіне алуға болады", - деді вице-министр.

Сонымен қоса оның сөзінше, 31 наурызда Мемлекет басшысы әкімдіктер мен Үкіметке отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан өнімді кепілді сатып алу тетігін әзірлеуді тапсырған. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында форвардтық сатып алу тетігі тұжырымдамалы мақұлданғанын атап өтті.

"Қаржыландыру шаруалардың барлық санатына, әсіресе егіс алқабы 500 гектарды құрайтын ұсақ және орта өндірушілерге бағытталатын болады. 365 мың тонна өнім сатып алу қаржыландырылады – бұл жұмсақ бидай, арпа, қарақұмық, майлы дақылдар (күнбағыс, зығыр, рапс). Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіретін өнімдерді өндіруге арналған шикізат", - деді Айдарбек Сапаров.

Оның сөзіне сенсек, форвардтық сатып алуға қажетті бюджет қаражатының жалпы сомасы 24,5 млрд теңгені құрайды. 

"Қаржыландыру алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылатын болады, мысалға, бидай бойынша алдын ала төлем бір тонна бидай үшін 50 мың теңге болады, қалған сома күзде қалыптасатын нарықтық бағалар негізінде есептелетін болады. Қамтамасыз ету ретінде екінші деңгейдегі банктердің де, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың де кепілдіктері қабылданатын болады. Бұл фермерлердің өтімді кепілдіктерінің жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді", - деді вице-министр.

Сонымен қоса ол шаруалардан форвардты сатып алуға қатысуға арналған өтінімдерді «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» қабылдап, жергілікті атқарушы органдар бекітетінін атап өтті. Оның сөзінше, бөлінген қаражатқа төрт ауыспалы егіс айналымын есепке ала отырып 4 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіледі. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды