• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді

«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді

26 Қараша, 2021 17:08

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады. Ал барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. Бағдарламаның жүзеге асуы, қатысу шарттары және жолдама алу туралы толығарақ Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан оқи аласыз.

«Аңсаған сәби» бағдарламасының жүзеге асуы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыру үшін, бедеу ерлі-зайыптыларға қосымша репродуктивті әдістер мен технологияларды тиімді өткізу үшін Денсаулық сақтау Министрлігі атқарылуы тиіс іс- шараларды жүргізуде. Елімізде «бедеулік» диагнозы қойылған 14 мыңнан астам әйел мен 100-ден аса ер адам бар. Олардың кейбіреулері қосалқы технологияларға мұқтаж.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұрпақты болуды емдеуді қоса алғанда, отбасын жоспарлау бойынша жоғары сапалы қызметтерді ұсыну репродуктивті денсаулық сақтаудың негізгі элементі екенін мойындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Президент тапсырмасын іске асыру бойынша бірқатар ұйымдастыру іс-шаралары қабылданды. Атап айтқанда:

-         денсаулық сақтаудың жетекші бейінді мамандары мен ұйымдастырушылары қатарынан жұмыс тобы құрылды;

-         нормативтік-құқықтық құжаттар, атап айтқанда ЭКО жүргізу үшін көрсеткіштер қайта қаралды;

-         өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің (әйелдер мен ерлер) тізімі өзектендірілді;

-         фертильді жастағы адамдар санын ескере отырып, өңірлер бөлінісінде ЭКО-ға 7 мың квота бөлінді.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады

"Аңсаған сәби" бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.Олар:

-         репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;

-         қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;

-         жоғары фолликулярлық резерв.

Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Ондай бірнеше мәселе ескеріледі.

-         жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары;

-         соматикалық және психикалық бұзылулар;

-         аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы;

- денедегі қатерлі өскіндер;

ЭКО-ға жолдама қалай беріледі

"Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді "Емдеуге жатқызу бюросы" порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады.

Бағдарлама аясында қанша бала дүниеге келді

Бүгінде "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында бөлінген 7 мың квотаның көп бөлігі игерілді. Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің мәліметіне сәйкес, 6 мыңнан астам әйелге экстракорпоральды ұрықтандыру жасалды.

«Қазірге дейін 6 мың әйелге эко жасалды, бұл жалпы санның 84 %-ы. 740 адамда эко процедурасы басталды, есепке 2000-нан астам жүкті әйел тұрды. "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 40 бала дүниеге келді», - деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Бағдарлама кезегінде тұрған әйелдер саны

Қазіргі кезде республика бойынша 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр. Олардың барлығы "Аңсаған сәби" бағдарламасына қатысуды көздейді. Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрған әйелдердің саны – 1 331. Биыл елордаға 500-ге жуық квота бөлінген.

Айта кетейік, Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы 2010 жылы қолға алынған. Оны медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосты. Бірақ квотаның саны аз болған. Осы уақытқа дейін экстракорпоральды ұрықтандыру әдісімен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген. Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Соның басым бөлігі - жекеменшік клиника.

Барлық жаңалықтар