• Басты
  • А.Сәбитова: Жастарды тәрбиелеудің тиімді тәсілі - еріктілер қызметіне қатыстыру
10 Ақпан, 2020 17:19

А.Сәбитова: Жастарды тәрбиелеудің тиімді тәсілі - еріктілер қызметіне қатыстыру

2020 жыл мемлекет басшысының бастамасымен "Еріктілер жылы" болып жарияланғаны бәрімізге белгілі. Бүгінгі күні еріктілер жылы аясында бірнеше жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Осы орайда Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, "Ізгілік елшісі" еріктілер қозғалысының негізін қалаушы әрі жетекшісі Айнұр Сәбитовамен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол "Ізгілік елшісі" еріктілер қозғалысының жұмысы мен болашақтағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

А.Сәбитова: Жастарды тәрбиелеудің тиімді тәсілі - еріктілер қызметіне қатыстыру

Айнұр Сәбитованың айтуынша, "Ізгілік елшісі" жобасының басты мақсаты - қазақстандықтарды еріктілікке тарту, қоғамның белсенділігін арттыру.

"Ізгілік елшісі" жобасы көпшілік қауымды еріктілікке тарту арқылы азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға көмектеспек. Біріншіден, әрине, жастарды белсенді болуын, мейірімді болуға шақырады. Жалпы, "Ізгілік елшісі" еріктілер қозғалысының басты міндеті - ең алдымен, тұрғындар арасында тұтастықты және ерікті ретінде қызмет көрсетуді қалыптастыру, атап айтқанда мұқтаж жандарға, қиын жағдайға тап болған адамдарға, мемлекет қамқорлығындағы қарт адамдарға тұрмыстық көмек көрсету. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға және бізден жәрдем сұрап келгендердің барлығына барынша көмек көрсету", - деді ол. 

Сонымен қатар "Ізгілік елшісі" жобасының үйлестірушісі бүгінгі жастарды тәрбиелеудің бірден-бір жолы еріктілер қозғалыстарына қатыстыру екендігін атап өтті.

"Қазіргі кезде жастардың бойына азаматтық қасиеттерді тәрбиелеу оңай болып тұрған жоқ. Жастардың белгілі бір тобы радикалды ағымдардың соңынан кетіп жатыр. Сол себепті қазіргі қоғамда жастарымызды тәрбиелеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі - еріктілер қозғалыстарына қатыстыру деп ойлаймын. Бұл өте маңызды. Мен қоғамға қандай-да бір жолмен көмектесуім керек деген сенімі бар адамдар көп екенін білемін. Егер бір-екі отбасына көмектескен жандар болса, бұның өзі керемет нәтиже деуге болады", - деді Сорбонна-Қазақстан институтының директоры.

Оның айтуы бойынша, аталмыш еріктілер қозғалысы материалдық жағынан көмек көрсететін ұйым емес. Алғашында материалдық жәрдем бере бастаған, алайда көмек сұраушылардың саны көбейіп кеткен соң, біз бағытымызды сәл өзгерттік деді ол. 

"Біз қаржылық ұйым емеспіз. Бастапқыда тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек берсу мақсатында бастағанбыз, алайда олардың саны артқандықтан, біз тоқтаттық. Себебі бәріне бірдей қаржылық көмек көрсетуге шамамыз жетпейді. Біздің қатарымызға қарапайым мұғалімдер, студенттер, жастар, қаламыздың қарапайым тұрғындары қосылды. Көптеген еріктілер бізге көмектесуге тырысады, бірақ көпшілігі атын атамауды сұрайды. Олар ақысыз түрде жақсылық жасайды. Олар үшін біреуге көмектескені, өзгенің пайдасын көргенін білгені жеткілікті. Мен оларға сол үшін алғысымды білдіргім келеді", - деді Айнұр Сәбитова.

Сонымен бірге ол "Ізгілік елшісі" еріктілер қозғалысының қандай қызметтер атқаратынын атап өтті. 

"Біздің еріктілер қозғалысы әлеуметтік қолдау көрсетумен айналысады. Жоғарыда атап өткенімдей, материалдық жағынан көмектесе алмаймыз. Мәселен, біздің еріктілер ардагерлер үйіндегі үлкен кісілерге барып, жәрдем береді.  Мемлекет оларды барлық жағдаймен қамтамасыз ететінін білеміз. Олардың өздерінің бөлек бөлмелері бар, жағдайлары жақсы, уақытылы қарайтын медбикелер мен дәрігерлері бар. Алайда біз көмектесу келген кезде қарт адамдарға жылулық, қамқорлық, қарым-қатынас жеткіліксіз екендігін байқадық. Тіпті бір-екі сағат сөйлесудің өзі үлкен көмек.  Біздің еріктілер олармен серуендейді, бірге уақыт өткізеді, сөйлеседі. Олар тек жақсылық жасап қана қоймай, ондағы қарт адамдардан тәлім-тәрбме алады. Кері байланыс бар", - деп атап өтті қозғалыстың үйлестірушісі.

Сонымен қатар ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Еріктілер жылын" жариялаған шарада еріктілер қозғалысының заңгерлік көмек көрсетуді қолға алғаны жөн деген сөзін тілге тиек. Оның айтуынша, заңгерлік жәрдем беруді қолға алуға стимул болған.  

"Осыдан соң біз өз мүмкіндіктерімізді қарастырдық. Бұған дейін біздің еріктілер қозғалысына қай саладағы азамттар кіретіндігі туралы айттым. Олар осы бастаманы талқылап, жаңа бағыт ашуға шешім қабылдады. Қазір біз заң қызметтерін ұсынуда ерікті көмек көрсету идеясын дамытып жатырмыз. Бізбен бірігуге ниет білдірген кәсіби заңгерлер бар. Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ "Ізгілік елшісінің" еріктілері арнайы және инклюзивті білім беру бағытында игі істер атқаруда. Сондай-ақ Аграрлық университетінің "Ізгілік елшісі" еріктілері адалдықты, өнегелікті насихаттау бағытында жұмыс істейді", - деді қозғалыстың жетекшісі Айнұр Сәбитова.

Бұдан басқа ол қозғалыстың болашақтағы жоспарымен бөлісті. 

"Біздің жоспарларымызға келер болсақ, біздің еріктілер мұқтаж жандарға көмектесуін бұдан әрі де жалғастыра береді. Біздің де, жастардың да дамуына септігін тигізбек. Еріктілер жылында біз жоспарлаған барлық іс-шаралар әлеуметтік қолдауға, заңгерлік қызмет көрсетуге, тұрмыстық көмекке және басқаларға бағытталған", - деп сөзін аяқтады ол.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
18.232.146.10, 192.168.88.100