• Басты
  • А.Райымқұлова: Құжат - ЮНЕСКО жүйесiнде Қазақстанның бастамаларын iске асыруға ықпал етпек

А.Райымқұлова: Құжат - ЮНЕСКО жүйесiнде Қазақстанның бастамаларын iске асыруға ықпал етпек

28 Қаңтар, 2021 11:02

Бүгiн сенаттың кезектi отырысында ҚР парламентiнiң мәжiлiсi мақұлдаған «Қазақстан Республикасының үкiметi мен бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттердi жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралды. ҚР Мәдениет және спорт министрi Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, бұл заңды қабылдау ЮНЕСКО жүйесiнде Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыруға ықпал етпек. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Заң жобасы жөнiнде айтқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрi Ақтоты Райымқұлова аталмыш құжаттың мақсатына тоқталды.  

«Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттердi жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының мақсаты - Алматы қаласында «Мәдениеттердi жақындастыру орталығы» мемлекеттiк музейi» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнының негiзiнде ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен мәдениеттердi жақындастыру халықаралық орталығының (2-санат) жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету», - дедi ол. 
Министр 2015 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев ЮНЕСКО-да Қазақстан Республикасының бастамашылығымен және БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мәдениеттердi жақындастырудың халықаралық онжылдығын (2013-2022 жж.) өткiзу шеңберiнде ЮНЕСКО-мен бiрлесiп мәдениеттердi жақындастырудың халықаралық институтын құру туралы ұсыныс жасағанын еске салды. Оның сөзiнше, аталған идеяны iске асыру үшiн жоспарлы жұмыстар жүргiзiлген. 
«Осылайша, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы желтоқсандағы қаулысымен Республикалық кiтап музейi негiзiнде оны қайта құру жолымен «Мәдениеттердi жақындастыру орталығы» мемлекеттiк музейi құрылды. Бүгiнгi күнi Орталықтың басшысы болып Қазақстанның көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, көрнектi қазақ ақыны, жазушы-әдебиеттанушы, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының негiзiн қалаушылардың бiрi - Олжас Омарұлы Сүлейменов. 2017 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 39-шы сессиясы отырысында орталыққа ЮНЕСКО-ның 2-шi санаты мәртебесi берiлдi», - дедi Ақтоты Райымқұлова. 
Сондай-ақ, оның айтуынша, 2019 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Үкiметi мен ЮНЕСКО арасында ЮНЕСКО-ның 2-санаттағы мекемесi – Мәдениеттердi жақындастырудың халықаралық орталығын ұйымдастыру туралы келiсiмге қол қойылған. Келiсiмдi ратификациялау мәселесi осы жүргiзiлген жұмыстардың нәтижелi аяқталуын бiлдiредi. 
«Осы тұрғыдан, жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, берiлген шартты ратификациялау елдiң халықаралық деңгейде орнықты дамуына ықпал ететiн болады. Орталық этностардың, мәдениеттер мен дiндердiң шығу тегi саласындағы iргелi және қолданбалы зерттеулер жүргiзуге, мәдениетаралық қоғамдардың және олардың бiрегейлiгiнiң қалыптасуына, бейбiтшiлiк пен тұрақты даму мүддесiнде мәдениетаралық диалог құндылықтарын таратуға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа арналған бiрегей платформа болмақ», - дедi министр.

Сонымен бiрге, оның пайымынша, мәдениеттердi жақындастыру орталығына ЮНЕСКО-ның 2-санаты мәртебесiн беру елiмiздiң ұлттық мүдделерiне жауап бередi, Қазақстан Республикасы үшiн саяси және әлеуметтiк пайдалы, ЮНЕСКО жүйесiнде бiздiң бастамаларымызды iске асыруды тиiмдi iлгерiлетуге ықпал етпек. 

«ЮНЕСКО-мен жасалған келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi 2018 жылдан бастап жыл сайын аталған орталыққа оның бағдарламалары мен iс-шараларын iске асыру үшiн қажеттi 200 000 АҚШ долларына баламалы мөлшерде қаражат бөледi», - дедi ол. 

Оның пiкiрiнше, заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарға, сондай-ақ терiс әлеуметтiк-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. 

Сенат депутаты, Әлеуметтiк-мәдени даму және ғылым комитетiнiң төрағасы Мұрат Бақтиярұлының сөзiнше, жасалып жатқан келiсiм ЮНЕСКО аясындағы Халықаралық мәдениеттердi жақындастыру орталығының Алматы қаласындағы «Мәдениеттердi жақындастыру орталығы» мемлекеттiк музейi» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнының базасында жұмыс жасауға бағытталған. Бұл орталық ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-шы сессиясында қолдауға ие болған Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО аясында Мәдениеттердi жақындастырудың онжылдығын өткiзу туралы бастамасына институционалдық қолдауды қамтамассыз етедi. 

«ЮНЕСКО аясында Мәдениеттердi жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы келiсiм елiмiздiң үкiметi мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтан туындайтын шарттар мен ережелердi, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн халықаралық құқықтық тұрғыдан рәсiмдеп, Орталық Азияда дiнаралық және мәдениетаралық диалог мәселелелерi жөнiндегi зерттеулер жүргiзуге жәрдемдесетiн және бiлiм өндiрiсiне үлес қосатын болады», - дедi сенат депутаты. 

Оның пiкiрiнше, әлем мемлекеттерiн өзара бөлiп тұратын шекараларға қарамайтын және әрбiр ұлттың тұрақты даму көзi болып саналатын олардың алуан түрлi мәдениетi. Сондықтан жалпыадамзаттық мазмұны бар, өркениет аралық үнқатысудың негiзiнде сан-алуан турлi рухани құндылықтарды ЮНЕСКО сияқты Халықаралық ұйым аясында байланыстыру бiздiң елiмiз үшiн тиiмдi деп есептейтiнiн атап өттi. 

«Келiсiмнiң барлық ережелерi Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне қайшы келмейдi. Заң жобасын қабылдау терiс әлеуметтiк – экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы, комитеттiң кеңейтiлген отырысы өткiзiлдi. Сенаттың барлық комитеттерi заң жобасына қатысты он қорытындыларын бердi», - дедi комитет төрағасы. 


Сонымен бiрге, ол комитеттiң 2021 жылғы 19 қаңтардағы кеңейтiлген отырысында заң жобасы бастамашысының және сенат аппараты қызметкерлерiнiң қатысуымен қарап, бiрқатар мәселенi атап көрсеткенiн айтып өттi.

«Заң жобасының күтiлетiн нәтижесi Қазақстан үшiн бiрқатар қосымша артықшылықтар болады, олардың iшiнде елiмiздiң ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық диалог саласындағы саясатын әзiрлеуге қатысуы, Орталықтың базасында осы саладағы ғылыми зерттеулер үшiн өңiрлiк хабтың құрылуы. Осы заң жобасын қабылдау терiс әлеуметтiк-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейдi», - дедi Мұрат Бақтиярұлы. 

Оның сөзiнше, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының тұрақты комитеттерiнiң осы заң жобасы бойынша ескертулерi мен ұсыныстары жоқ. 

«Баяндалғанды ескере келе, Әлеуметтiк-мәдени даму және ғылым комитетi «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 1), 7) тармақшаларын басшылыққа ала отырып, Парламент Мәжiлiсi мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Бiлiм, ғылым және мәдениет мәселелерi жөнiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттердi жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын Сенат отырысының қарауына енгiзедi және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес оны қабылдауды ұсынады», - дедi ол.

Осы орайда, айта кету керек, отырыс барысында аталмыш заң жобасы қабылданды.   

Барлық жаңалықтар