• Басты
  • А.Ракишева: Ең төменгі жалақының артуы азаматтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді

А.Ракишева: Ең төменгі жалақының артуы азаматтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді

14 Қыркүйек, 2021 16:55

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауы жарияланған еді. Осыған орай, «Рухани Жағыру» Отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Ракишева пікір білдірді. Оның сөзінше, мемлекет басшысы жолдауда ағымдағы жағдайға баға беріп, еліміздің одан әрі дамуының бағдарын айқындаған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Айгүл Ракишева өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, өңірлік басқару, экология, әлеуметтік сала, қорғаныс саласына бас мән бергенін еске салды. Оның пайымынша, президент жариялаған бастамалар арқылы еліміз алға қойған мақсат-міндеттеріне қол жеткізетіні сөзсіз.

«Соның ішінде әлеуметтік сауалнамалардың рөлі өзекті бола түскен. «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды қадамы әкімдердің жұмысын бағалау, басқару шешімдерін қабылдау - әкімдердің кәсіби қызметін бағалайтын құрал болып табылады», - деді Отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы.

Сонымен қатар, ол ең төменгі жалақының 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 42 500 -ден 60 000 теңгеге дейін өсуі қуантарлық жайт екенін атап өтті. Оның айтуынша, отбасы институтын зерттеу орталығы отбасы және гендерлік саясат бойынша зерттеулер жүргізеді. Кей зерттеулер отбасындағы қажеттіліктерді өтеу үшін елдегі жалақы мөлшері жетіспейтіндігін көрсеткен. Осы орайда, төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін арттыру – отбасылы адамдар үшін тиімді болмақ.

«Біздің орталық әр түрлі бағыттар бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз. Атап айтқанда, қазақстандық отбасылардың өмір сүру сапасын, әлеуметтік әл-ауқатын зерттейміз. Мәселен, өткен жылы көпбалалы отбасыларға, биыл ауылдық отбасылар бойынша зерттеулер жүргіздік. Зерттеу нәтижесі бойынша, қазақстандық отбасыларға жалақы көлемінің жетіспейтіндігі белгілі болды. Соған байланысты жалақыны уақытылы өсіру қажеттігі күн тәртібінде тұру керек мәселенің бірі», - деді Айгүл Ракишева.

Оның пайымынша, мемлекет басшысының жолдауындағы отбасылар үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеткілікті қаражат есебінен тұрғын үй сатып алу үшін отбасының шотына аудару мүмкіндігі тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, ол қазақстандық отбасылар үшін өзекті мәселе балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу екенін атап өтті.

«Отбасы мәселелерімен айналысатын орталықтың басшысы ретінде президент жолдауындағы балаларға, әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың болдырмау мәселесінің маңызды екенін қайталап айтқым келеді. Бұл да өзекті проблеманың бірі. Жолдаудан кейін қолға алған шаралардың арқасында жағдай жақсарады деп ойлаймын», - деп түйіндеді Отбасы институтын зерттеу орталығының басшысы.

Барлық жаңалықтар