• Басты
  • Ақпараттық қауіпсіздіктің жағдайы қалай
16 Шілде, 2020 09:30

Ақпараттық қауіпсіздіктің жағдайы қалай

Ақпараттық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қалыптастыратын маңызды сала. Әсіресе, интернет коммуникация дамыған сайын ақпараттық қауіпсіздіктің өзектілігі артып келеді. Бұған қазіргі таңда әлем бойынша маңызды болып отырған киберқауіпсіздік, интернет платформасында хакерлік тәсілдер арқылы азаматтардың жеке деректерін рұқсатсыз иемдену және оны түрлі теріс мақсаттарда пайдалану, ақпарат айдынындағы әр қилы идеологиялық қайшылықтар, сананы манипуляциялау әрекеттері мысал бола алады.

Ақпараттық қауіпсіздіктің жағдайы қалай

Бүгін біз ақпараттық қауіпсіздіктің екі қыры туралы ой қозғайтын боламыз.

Біріншісі – IT саласындағы киберқауіпсіздік, хакерлік шабуылдардан қорғану, азаматтардың жеке құпия деректерін қамтамасыз ету т.б.

Екіншісі – ақпарат майданында шеттен келетін және іштен шыққан идеологиялық түрлі ақпараттық шабуылдарды тойтару, азаматтардың бойында сауатты және салқынқанды сана қалыптастыру мәселесі.

 IT саласындағы қауіпсіздік мәселесі.

Бұл сала әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен бастап, қарапайым дамушы елдерді алаңдатқан өзекті мәселе.

 Мемлекет те азаматтардың жеке деректерінің қорғалуына мүдделі және мұны заңмен шегелеп, тиісті құрылымдар арқылы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет етуде.

Бұл ретте, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV Заңның 23-бабында Қазақстанның ақпараттық тәуелді болуына жол бермеуге, басқа мемлекеттердiң, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық өктемдік пен оқшаулаудың алдын алуға, Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентiн, Үкiметiн және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін күштерді ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге, мемлекеттік шешімдер тұжырымдау мен қабылдау процесіне ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, жасырын ақпараттық ықпал ету тетіктерін табу және бұзуға, Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті, оның iшiнде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі құруға және нығайтуға басымдық берілетіні жазылған.

Қазақстанда киберқауіпсіздік саласын дамыту мәселелеріне жіті көңіл бөлінуде. Мемлекеттік органдармен, ҮЕҰ және бизнеспен бірлесіп жүргізілетін жұмыстың нәтижесінде біздің еліміз киберқауіпсіздіктің жаһандық индексіндегі өз позициясын қарқынды жақсарта түсті. Қазір Қазақстан 40-шы орында. Айта кету керек, өткен жылы біздің еліміз 82 орында болған еді.

Өткен жылдар ішінде еліміздің киберқауіпсіздік саласын дамытудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдері әзірленді. 2022 жылға дейін әрекет ететі «Қазақстанның киберқауіпсіздігі» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. https://www.gov.kz/memleket/entities/infsecurity/activities/6?lang=kk

 55.jpg

Қазақстанның «Киберқалқаны» бойынша мәлімет

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/projects/details/21?lang=kk

 

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес респонденттердің 7,2 пайызы банк картасына қатысты, 7,4 пайызы әлеуметтік желідегі дербес аккаунттарының бұзылуына байланысты, 8,7 пайызы компьютерге зиян келтіретін вирустар мен бағдарламаларға қатысты, 11 пайызы зияндық таратушы спамдарға ұшырағаны жөнінде шағымдарын жеткізген.

https://www.gov.kz/memleket/entities/infsecurity/press/article/details/164?lang=kk

Сондай-ақ, аталған министрліктің дерегінше осындай компьютерлік шабуылдар онлайн-қызметтерге деген қоғамның сеніміне нұқсан келтіріп, экономикаға кері ықпалын тигізеді. Өткен жылы қазақстандықтардың 34,3 пайызы кибершабуылға тап болса, IT саласындағы мамандар арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес респонденттердің 60,6 пайызы өз саласында кибершабуыл қатеріне ұшыраған.

Бұл азаматтардың және мемлекеттік органдардың жеке деректерін иемденуге ұмтылатын сыртқы және ішкі факторлардың аз емес екендігін көрсетеді.

Ақпараттың ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қорғалуының маңызы өте зор. Мысалы 12-13 шілдеде Әзірбайжан мен Армения арасында «Таулы Қарабахқа» байланысты қарулы қақтығыс қайта басталды. Бұл қақтығыста әскери ұрыстан бөлек, кибершабуыл әрекеттері айрықша көзге түсті. Мұндай әрекеттер осы уақытқа дейін екі тараптан да байқалып тұратын.

Бұл жолы Әзірбайжан хакерлері 2020 жылғы 14 шілдеде 30-дан астам армян сайттарына шабуыл жасап, «Қарабах – бұл Әзірбайжан!», «Егер Армения сарбаздары өлгісі келмесе Әзірбайжан жерінен кетсін!» деген ұрандары бар бейне және жазба материалдар орналастырған.

Аталған сөздермен қатар сайттарға Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің видеосы мен Әзірбайжанның ұлттық қаһарманы Мубариз Ибрагимовтың суреті қойылған.

   c4ac1686-a3d1-3749-af5f-033fc26d0e67 (1).jpg

Бұзылған сайттардың арасында Армения Премьер-Министрі Никола Пашиняннның ресми сайты да бар. Ал Армения тарапы бұған қарымта ретінде Әзірбайжанның әскери-теңіз флотының базасын бұзып, кеме командирлері, теңізшілер, инженерлер және Әзірбайжанның теңіз құрылымына қатысты өзге де тұлғалар туралы деректерді қолды еткені жөнінде ақпарат таратты. Сондай-ақ, армян хакерлері Әзірбайжанның бірнеше мың WiFi-антенналарын бұзған. Әзірбайжан интернет қолданушысы сайтқа кірген кезде Арменияға шабуыл жасап, өзі күйреген Әзірбайжанның пилотсыз ұшағы бейнеленген материалды еріксіз көруге мәжбүр болды.

https://ru.armeniasputnik.am/society/20200714/23729690/Armyanskie-khakery-vzlomali-bazu-dannykh-VMF-Azerbaydzhana-i-neskolko-tysyach-WiFi-antenn-.html

Бұл маңызды ақпараттардың қолды болуымен қатар, халықтың моральдық-психологиялық жағдайына да теріс ықпал ететін себеп саналады.

Осы оқиғаға қарап-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қорғаудың қаншалықты өзекті екенін байқауымызға болады. Сондықтан Қазақстан да осындай оқиғалардан сабақ алып, ақпараттық саланың қорғанысын барынша нығайтуы тиіс. Өйткені еліміз мұндай шабуылдан жеткілікті қорғалмаған. Оның мысалын төмендегі деректерден байқауға болады.

1111 (1).png

 «Finprom» талау орталығының дерегінше 2019 жылы Қазақстанға 21 мыңға жуық кибершуабыл жасалған. Оның басым көпшілігі ботнеттің, яғни зомби-желілердің үлесінде. Ботнеттер әр түрлі вирустар, спамдар тарататын бағдарламалар. http://finprom.kz/ru/article/v-2019-godu-v-kazahstane-bylo-vyyavleno-bolee-21-tysyachi-incidentov-informacionnoj-bezopasnosti 

2021 жылы әлемде кибершабуылдар кесірінен келетін шығын көлемі 6 триилон АҚШ долларына жететіндігі айтылуда. Сондықтан қауіпсіздік талаптарына қатысты шешімдер де барынша күшейтілуі тиіс.

 Идеологиялық ақпараттық қауіпсіздік мәселесі

Әлемде БАҚ арқылы іске асырылатын идеологиялық шабуалдардар аз емес. Белгілі бір мемлекет халқының сана-сезімін, көзқарасын ақпарат арқылы манипуляциялау ертеден бар тәсіл. Бұл бүгінде ғаламтордың кең таралуымен көкейкестілігін арттырып отыр.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің дерегіне сүйенсек 2020 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 3669 БАҚ тіркелген, оның ішінде 2964 мерзімді баспасөз басылымдары, 161 – телеарналар, 73 – радио, 471 – ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар құрайды.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша БАҚ тізілімінде 244 шетелдік теле және радиоарналар тіркелген.

Елдің иелігі бойынша 175 ресейлік телеарналарға, 20-ы Ұлыбританияға, 18-і АҚШ-қа, 16-ы Эстонияға, 9-ы Францияға, 5-і Түркия, 1-і Кипр, 1-і Испания жатады.

Хабар тарату тілі бойынша 140 орыс тілінде, 13 - ағылшын тілінде, 68 - орыс-ағылшын тілінде, 4 - түрік тілінде, 6 - француз тілінде, 2 - орыс-татар тілінде, 1-орыс-неміс тілінде, 3-орыс-француз тілінде,1-орыс-беларусь тілінде, қалғандары - екі және одан да көп тілде көрсетіледі. https://www.gov.kz/memleket/entities/inf/activities/145?lang=kk

1999 жылғы 23 шілдедегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының N 451 Заңы 2-бабының 1-тармағына сәйкес «Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады» делінген.

Осы орайда, аталған ақпарат құралдарының барлығы елдің мүддесіне, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қайшы келмейтін мәлімет таратып отыр ма деген сауал туындайды. Бұған бір ғана мысал келтіре кетуге болады.

2020 жылғы 29 маусымда белгілі журналист Арман Шораев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында былай деп жариялаған болатын:

«Жуырда біздің елдегі Он TV телеарнасының толқыны арқылы Ресейдің агрессивті «Звезда» телеарнасы көрсетіле бастады. Бұл - Кремльдің көршілеріне қарсы көрсетіп жүрген агрессиясының логикасы мен басқа да милитаристік көзқарасын түсіндіріп, насихаттайтын арна.

Сондықтан да ол бүткіл контентін мемлекеттік тілге аударып береді.

Ал енді, менің туған тілімде, Абайдың ана тілінде, өз қазақ тілімізде олар бізге, қазақтарға Украина мен украиналықтардың қандай нашар халық екенін, Грузия мен грузиндердің, Молдова мен оның халқының да жақсы емес екенін және неге Крымның Ресейдікі екенін де насихаттап жатыр. Бізге әлгі ОРТ Евразия арнасы аздық еткендей, енді тағы бір зомби-телеарна қосылды. Және бұл арнаның Отау тв каналдарының тегін пакеті тізімінде бар екенін де айта кеткен жөн».

Бұл мәселе қазақстандық интернет кеңістікте талқыланып, сыни ойлар айтылды. Ертесіне Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева аталған постта көтерілген мәселеге орай аталған әлеуметтік желідегі парақшасында өз пікірін білдірді. Ол әскери техника саласындағы соңғы жетістіктерді қазақ тілінде таратудың жақсы екендігін айта отырып, бірақ бұл материалдарда таралатын ақпарат Қазақстанның сыртқы саясаттағы ресми ұстанымына қайшы келмеуі тиіс екендігін ескертіп өтті. Сондай-ақ, ол отандық барлық телеарналар басшылығын, оның ішінде «ОҢ ТВ» басшылығын осындай бағдарламалардың эфирге шығарылуына жол бермеуге шақырды. Мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанған жағдайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі редакциялық саясаты ел имиджіне нұқсан келтіретін БАҚ-тарға қатысты шаралар қолдануға мәжбүр болатындығын қадап жазды. Бұл елдің ақпарат саясатындағы уәкілетті тұлғаның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты батыл мәлімдемесі болды.

Министрліктің сайтында берілген дерекке сәйкес елімізде шетелдік ақпарат құралдарының саны аз емес. Бұл аталған телеарналардың тарататын ақпаратының мазмұнына қатысты қатаң талаптардың болуын және ол талаптардың орындалуын қамтамасыз етуді талап етеді. Сондай-ақ, отандық БАҚ-тардың саны мен сапасының бәсекеге сай болуы да аса маңызды.

Ақпарат тарату саласындағы маңызды мәселенің бірі – ақпараттық қолжетімділігі. Қазақстанның оңтүстік өңіріне, мәселен Сарыағаш, Жетісай елді-мекендерінде Қазақстанның емес Өзбекстанның радиотолқындары мен телеарналары басымдыққа ие. Осыдай екі жыл алдын Өзбекстанның Тәшкент, Самарқанд қалаларына сапарлап бардым. Шымкенттен ұзап, Қазығұрт ауданынан өткеннен бастап қазақстандық радиолардың үні сап тыйылып, өзбекше сайраған радиоарналар жаулап алды. Өзбекстанға әлі де 50-60 шақырым бар. Қазақстанның аумағы. Бірақ өзбекстандық арналардың әлеуеті тегеурінді. Ресми Ташкент таратқан, солар ұсынған контентті қазақстандық аудитория тыңдауға мәжбүр.

Бұл да ақпарат тарату саласындағы үлкен кемшіліктердің бірі деуге болады. Сондықтан шекаралық аймақтардағы халыққа отандық ақпарат құралдарының қолжетімді болуын қамтамасыз етуді күн тәртібінен түсірмеу қажет.

Қорыта келгенде, ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамайтын маңызды саласы. Сондықтан мемлекет тарапынан аталған саладағы мүддемізді қорғау саясаты күн тәртібінен түспей, ішкі қорғаныс иммунитетімізді қалыптастыруға бағытталған шаралар күшейтіле беруі тиіс.


Барлық жаңалықтар