• Басты
  • АҚДМ есебі: БАҚ туралы жаңа Заң, пандемия кезіндегі ақпараттандыру жұмыстары

АҚДМ есебі: БАҚ туралы жаңа Заң, пандемия кезіндегі ақпараттандыру жұмыстары

29 Қаңтар, 2021 14:04

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ саласына қатысты бірнеше мәлімдеме жасады. Болашақта БАҚ туралы жаңа сапалы заң қабылданатын болады. Министрлік өкілдері айтқан маңызды мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.



БАҚ туралы жаңа Заң қашан қабылданады?

Министр мемлекеттік ақпараттық тапсырысты ұсынудың жаңа ережелеріне қатысты жұмысқа тоқтала келе, алдағы уақытта БАҚ туралы жаңа сапалы заң қабылданатынын айтты.

«Заңның мақсаты – мемлекеттің бірыңғай ақпараттық саясатының заңнамалық қамтамасыз етілген тетіктерін қалыптастыру. Осы орайда БАҚ туралы жаңа заң 2022 жылы әзірленіп, қабылдануы үшін биыл заң жобасының тұжырымдамасы кеңінен талқылауға ұсынылады», - деді ол.

Балаева өзі басқарып отырған ведомство жауап беретін екі үлкен бағытты атады. Ол: ақпараттық саясат пен қоғамдық қатынастар.

«Мемлекеттің негізгі идеологиялық органдарының бірі ретінде біздің министрлікке жүктелетін міндеттердің орны ерекше. Екеуі де ел Президенті ерекше сеніп тапсырған, жауапкершілігі мол сан түрлі саладан тұрады. Ең бастысы – елдің рухани кемелдігі мен саяси тұрақтылығы, қоғамдық берекесі мен бастаған ісінің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Бұл жауапкершілікті біз жақсы түсінеміз, салмағын сезінеміз», - деді ол.

Министр өңірлердегі тұрғындарың ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөнінде айта кетті.

«Келесі аптадан бастап ел алдына шығып, онлайн/офлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндерін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Баршаңызға мәлім, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын қалыптастыру – әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті. Әрине, бұл концепция мемлекет тек «тыңдаушы» ғана емес, қажет ақпаратқа жалпақ жұрттың қолын жеткізіп, әрдайым өзара байланыста болуды көздейді. Бұның бәрі, сөз жоқ, халыққа бір табан жақындауда 2020 жылға беретін оң баға деп білемін», - деді министр.

 Азаматтық қоғамды дамыту мақсатында қандай істер атқарылды?

2020 жылы 27 тамызда – Мемлекет басшысының Жарлығымен – Азаматтық қоғамды дамыту Тұжырымдамасы қабылданған болатын. Бұл құжат – еліміздегі азаматтық секторды дамытудың алдағы он жылға арналған негізгі стратегиялық бағыттарын айқындайды. Оның үлкен бір бөлімі – бұл сапалы заң шығару. Қоғамдық кеңестердің мүмкіндігін кеңейтетін және мұндай Кеңестерді квазимемлекеттік секторда да құруды міндеттейтін Заңға қол қойылды.

«Бүгінде «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жобасы мен оған ілеспе «онлайн-петиция» туралы толықтырулар қоғамда қызу талқыдан өтіп жатыр. Алдағы уақытта қайырымдылық және волонтерлік жөніндегі Заң жобаларын жетілдіру жоспарда бар», - деді Аида Ғалымқызы.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов баяндамасында азаматтық ұйымдардың жұмысына есеп берді. Айтуынша, елімізде 5 мыңнан астам белсенді ұйым жұмыс істеп жатыр.

«Азаматтық қоғам өкілдерінің халықтың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысуы мемлекеттік мүдде. Бұл туралы Президент Жолдауда ерекше атап өткен болатын. Қазіргі кезде елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 16 мыңы іс жүзінде еңбек етсе, 5 мыңнан астамы белсенді ұйым қатарына кіреді. Олардың барлығына да мемлекет жыл сайын бөлетін әлеуметтік тапсырыстар, гранттар мен қаржылай сыйақылар толығымен қолжетімді», - деді вице-министр.

Өткен жылы қоғамдық ұйымдардың қатысуымен еліміз бойынша 1 250-ден аса әлеуметтік жоба іске асты. 100 деген ұйым әрі қарай дамуға мүмкіндік алса, 38 қоғамдық ұйымға қаржылай сыйлықақы берілді. Тілепов 2020 жыл еліміздің азаматтық қоғамы үшін мазмұнды жыл болғанын айта кетті.

«Ең маңыздысы, осы саладағы басты стратегиялық құжат - елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын 2020-2030 жылдарға арналған «Азаматтық қоғамды дамыту конценциясы» қабыланды. Осы орайда Үкімет қаулымысымен осы тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді», - деді Б. Тілепов.

Азаматтық қоғам дамуын құқықтық жетілдіру, азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау, сондай-ақ тұрғындардың мемлекеттік басқаруға қатысуға кеңінен тарту сияқты қадамдар ескеріліп, 5 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шара өткізілген.

 «Волонтерлер жылы» мен «Рухани жаңғыру» жобалары қандай нәтиже берді?

 Министр Президент бастамасымен жарияланған «Волонтерлер жылының» өтуіне есеп берді. Ол жобаға «еріктілер қозғалысының дамуына тың серпін берген жасампаз жоба» деген баға берді.

«Президент Үкіметке бұл жұмысты тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды. Қазір арнайы Жол картасы жасақталып, іске асуға дайын. Мұның өзі - «Волонтерлік» ұғымның ауқымы кең және ол бір жылмен немесе бір жоба аясында ғана шектелмейтіндігін көрсетеді», - деді ол.

Сапалы қоғамдық сананың қалыптасуы – рухы биік азаматтарға, мәдениетті де білімді әлеуметке байланысты. Аида Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуына да тоқталды.

«Басты мақсат – Елбасының ұлттық сананы жаңғырту принциптері мен Мемлекет басшысының Абайша түйген «Толық адам» концепциясы негізіндегі елдің болашағы.Ал бұл болашақ бүгінгі ұрпақтан басталады. Сондықтан да, біз «Рухани жаңғырудың» негізгі бағыты ретінде – бaлaлapды pухaни-aдaмгepшiлiк тұрғысынан тәрбиелеудің маңызы ерекше екендігін атап өтеміз. Осы орайда, қазіргі таңда барлық қызығушы тараптардың қатысуымен әзірленген мeктeпкe дeйiнгі жәнe мeктeп жacындaғы бaлaлapды pухaни-адaмгepшiлiк тәpбиeлeу стартегиясын алдағы Ұлттық комиссия отырысына шығарып, іске асыруға барлық күш-жігерімізді саламыз», - деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, жастар мәселесі – бұл тұтас мемлекеттің келешегінің мәселесі.

«Жастар мәселесін көтергенде біз, біріншіден, әр өңірдің ерекшелігін ескеруіміз керек. Осыған орай, қазір министрлік барлық өңірлерде жастар мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіп, сол жердің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани ыңғайына қарай нәтижелі ұсыныстар мен шешімдер қалыптастыратын боламыз. Сөйтіп, әр өңір бойынша тиісті Іс-шаралар жоспарын жасап, оның ішінде NEET санатындағы жастарды қолдауды іскуе асыратын боламыз. Екіншіден, заңанаманы одан әрі жетілдіру. Қазіргі уақытта қолданыстағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға «Жастарға арналған әлеуметтік қызметтер» деген түсінік енгізілу көзделуде. Соның шеңберінде жастарға арналған қызметтер бойынша арнайы стандарт әзірленетін болады. Осы қызметтер аясында жастарға бір терезе қағидасы бойынша қызметтер көрсету жоспарлануда (әлеуметтік, психологиялық, құқықтық, педагогикалық, еңбек, медициналық қызметтер көрсетіледі)», - деді ол.

Министр бұл жоспардың Президент тапсырған «Тәуелсіздік ұрпағы» Ұлттық жобасы аясында іске асатынын айта кетті.

Дін мәселесіндегі ақпараттандыру жұмыстары қалай орындалды?

Ақпарат министрлікке жүктелген тағы бір бағыт – бұл этносаралық қатынастар мен дін мәселесі. Ведомство басшысы өткен жылы осы салада атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Бұл салада да өткен жылы жасалған жұмыс қарқынды. Әрине, бұл жұмыс осы жылы да өз жалғасын табады. Оған қосы нақты әрі мазмұнды жаңа жобалар бар. Олардың барлығы да түрлі этностарды біртұтас халық ететін үлкен факторлардың айналасында іске асады. Мәселен:

- Мемлекет басшысының «Ұлы даланың – Ұлтаралық тілі» идеясы негізінде, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жобасына;

- Этно-мәдени генезис пен жалпыазаматтық құндылықтарға бірігу, өзара татулықты сақтауға бағытталған медиация институтын қалыптастыру жобаларына;

- Қандастарды жан-жақты қолдау бағдарламаларына баса мән беріледі», - деді ол..

Дін мәселесіне қатысты ақпараттандыру жүйесіне қатысты төмендегідей жұмыстар атқарылмақ:

- дін қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіріп, олардың санын артыру;

- теолог-ғалымдар мен осы саланың тәжірибелі мамандары қатысатын семинарлар аудиториясын кеңейту;

- өңірлердегі ғибадатханалар мен діни орталардағы адресті жұмысты күшейту.

 Коронавирусқа қарсы жүргізілген ақпараттық жұмыстардың есебі қандай?

 Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрлері берген есептерінде 2020 жылғы короновирустық инфекциямен күресу жұмыстарына қатысты ақпараттық жұмыстар туралы айтылды. Вице-министр К.Ойшыбаевтың мәлімдеуінше, наурыз-мамыр айларында Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, COVID-ке қатысты жасалып жатқан істерді халыққа тез жеткізу мақсатында, үкіметтің шешімімен Республикалық коммуникациялық орталық құрылды.

«Наурыз айында Coronavirus2020.kz сайты іске қосылды. Оның ішінде статистикалық мәліметтер, инфографика, сараптамалық материалдарымен толықтырылады. Сайтты күніне 100 мың адам көреді. Сайттың ішінде Қазақстанның азаматтарынан келіп түскен 41 мыңнан астам өтінішке мемлекеттік органдар жедел жауап берді. 41 095 өтініш келіп түсті, оның 41 009 – на мемлекеттік органдар жауап берді (99,8%), 86-жұмыста», - деді вице-министр.

«Telegram» мессенджерінде @coronavirus2020.kz атты ресми канал іске қосылды, оған 300 мыңнан астам оқырман тіркелген. Министр Аида Ғалымқызының тапсырмасымен шілде айында stopfake.kz сайтын іске қосылған. Ол БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таралған жалған ақпараттарды анықтап фейк екенін мәлімдеп халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі кезге дейін 450-ге жуық материалды жалған екенін дәлелдеп қоғамға жеткізіліпті.

Төтенше жағдай кезінде Орталық коммуникациялар қызметі елдегі басты ақпараттық алаңға айналды, онлайн режимінде 200-ге жуық брифинг өткізілді.

Барлық телеарналардағы көптеген бағдарламалар коронавирус тақырыбына бағытталды. Сонымен қатар, Телемедицина", "Online Doctor", «Медициналық телеконсультация» сияқты 15 тен астам арнайы бағдарламалар ашылды. Коронавирустың алдын алу тақырыбы бойынша 250-ден астам бейнеролик дайындалды, республикалық БАҚ-та 5 мыңнан аса инфографика мен телеграфикалар жарияланды.

«Осылайша, Министрлік мемлекет тарапынан қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар туралы ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Жалпы 2020 жылы КВИ тақырыбы бойынша БАҚ – та 274 мың материал жарық көрген. Сонымен қатар, 2020 жылы Үкіметтің тарапынан мемлекеттік емес БАҚтарға қолдау көрсетілді. 67 коммерциялық теле-радиоарна мерзімді телерадио хабарын тарату ақысын төлеуден босатылды. Бүкіл БАҚ редакциялары жеке табыс салықтарын төлеуден босатылды. Жалпы осы Үкіметтің қолдауының арқасында БАҚтардың үнемдеген қаражаты 1 млрд тенге құрады», - деді ол.

2020 жылы мемлекеттік БАҚ-та орын алған өзгерістер қандай?

Өткен жылы БАҚ-та төмендегідей өзгерістер орын алды:

1. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» акционерлік қоғамдары 2020 жылы біріктірілді. Барлық іс-шара аяқталғаннан кейін 2021 жылы мемлекеттік басылымдар «Қазақ газеттері» брендіне біріктіріледі.

2. Kazakh TV телеарнасын шетелде тарату аясында - 2020 жылы 8 жаңа мемлекеттің операторларына қосылды, оның арасында Грузия, Германия, Ресей сияқты мемлекеттер бар. Жалпы осы кеңейтудің арқасында Kazakh TV бүгін 47 мемлекетте таралады.

3. Телевидение саласында көп жылдары сын айтылып келе жатқан теле-өлшем бағытында өзгертулер жүргізілді. Жасалған жұмыстардың арқасында 2021 жылы теле-өлшем онлайн түрде қолжетімді болады, және жаңа технологиямен жүргізілетін болады.

4. БАҚ саласын дамытуға арналған ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданды. Бұл заң мемлекеттік ақпараттандыру саясатын Қазақстанның аймақтарында жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді және БАҚтарды қолдауға бағытталған.

5. 2020 жылы Министрлік журналисттерді аккредитациялау ережелерін жаңартты.

6. БАҚ саласын дамытуға арналған медиа сала мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар бекітілді. Мақсаты білім беру процесін жүйелеу, сала мамандарының кәсіби деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

7. Сонымен қатар, 2020 жылы Министрлік медиа саласын дамыту бағытында Astana Media Week халықаралық пікірталас алаңын ұйымдастырды. Онлайн режимінде АҚШ, Ресей, Норвегия, Австралия сияқты географиясы кең мемлекттерден 60 спикер қатысты. Аталған іс-шараның трансляциясын қараған мамандардың саны 10000-ға жетті.

Барлық жаңалықтар