• Басты
  • Ақмола облысының әкімі: 23 адам індет салдарынан көз жұмды
8 Шілде, 2020 18:19

Ақмола облысының әкімі: 23 адам індет салдарынан көз жұмды

Бүгінгі күні облыста 1513 коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы орын алса, оның 545-і сырқат белгілері бар, 968-і сырқат белгісі білінбейтін науқастар. Өкінішке орай, 23 адам індет салдарынан көз жұмды. Мұндай ақпаратпен Ақмола облысының әкімі өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде бөлісті, -  деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.
Ақмола облысының әкімі: 23 адам індет салдарынан көз жұмды
Бір аптаның ішінде індет жұқтырған 330 оқиға орын алса, соңғы тәулікте көрсеткіш 2 процентке өсті. Яғни, 29 оқиға тіркелді.

"Бір аптада ауру жұқтыру өсімі - 4,5 пайыз. Яғни бір аптада коронавирус жұқтырудың 330 дерегі тіркелді. Ал соңғы тәулікте COVID-19 жұқтырудың 32 жағдайы тіркелді, ауру жұқтыру өсімі - 2 пайыз", - деді ол.

Ол облыстағы медицина ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

"1 177 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 38-ның жағдайы ауыр, 7 науқастың өте ауыр. 330 адам дертінен айықты. Науқастар 10 инфекциялық ауруханада, 26 провозирлық стационарда емделіп жатыр", - деді Ермек Маржықпаев.

Науқастарды емдеу 10 жұқпалы және 26 провизорлық стационарда жүзеге асырылуда. Жұқпалы аурудан емдеу емханаларында 780 орын,провизорлық емханада 1355, карантиндік емдеу орындарында 50 төсектік орын бар.

Ел ішінде аурудың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанымен соңғы үш аптада Жарқайыңда – 11 есе, Егіндікөлде – 6,5 есе, Ақкөлде –5, Жақсыда– 3,3, Бурабай ауданында және Степногорск қаласында 1,3 есе індет көлемі көбейіп кетті. Өкінішке орай, жаман тұмауды жұқтыру оқиғасы тұрғындар арасында ғана емес, медицина қызметкерлерінің арасында да етек алуда. 43 дәрігер мен 119 орта буын медицина қызметкерлері жұқпалы ауру жұқтырды.

Осыған дейін жұқпалы ауру Нұр-Сұлтан қаласына жақын маңдағы елді мекендерде: Целиноград, Аршалы аудандарында тараған болатын. Қазір өзге аудандарда да жайылып барады. Облыс әкімі COVID-19 вирусымен күресу үшін соңғы үш аптада ауруханалардағы төсек орындардың 2,5 есеге өскенін атап өтті. 

Жұқпалы дертпен күреске қосымша 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Қажетті қаржы үкіметтің резервінен де бөлініп отыр. 1 миллиард теңгеден астам қаражат жергілікті атқарушы органның резервіндегі ақша. 850 миллион теңгеге қорғанысқұралдары сатып алынған. 450 миллион теңге 17 жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алуға жұмсалған. 834 миллион теңгеге 1,2 миллион дана жеке қорғаныс құралдары алынды. Облыстың медицина ұйымдарында 247 аппарат бар. Осы орайда, "Тыныс" акционерлік қоғамының індетті жеңіп шығуға зор үлес қосып отырғандығын айта кетуге болады. Ұжым демеуші ретінде 17 аппаратты ауруханаларға сыйға тартты, - дейді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалуда. 

Қазіргі таңда 1640 дәрігер жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан нақты айтқанда, 413 дәрігер жетіспейді. Егер қосымша төсек орындар қойылатын болса, онда тағы да 1975 медицина қызметкері қажет болуы әбден мүмкін. Қазір жоғары медицина колледжінің 133 түлегімен тиісті жұмыс жүргізілуде. Олардың арасынан 33 фельдшер жедел жәрдем қызметіне, 7-еуі қалалық емханаларға, 91 орта медицина қызметкерлері алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету саласына бағытталатын болады. Барлық емханаларда жедел бригадалар жасақталды. Бригадалар құрамына дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, фельдшерлер енгізілген. Сандық рентген аппаратпен жабдықталған. Ем тағайындауға көмек көрсете алады. Қазіргі күні емханалар мен жедел жәрдем қызметіне ауыр салмақ түсіп отырғанын ескере келе тұрғындарға жедел көмек көрсету үшін 25 автокөлік бөлінді. Барлық медицина ұйымдары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, - деп есеп берді.



Барлық жаңалықтар