• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақмола облысында жылына 350 тонна ешкі сүтін өндіретін ферма өнімдеріне сұраныс артты

Ақмола облысында жылына 350 тонна ешкі сүтін өндіретін ферма өнімдеріне сұраныс артты

26 Наурыз, 2021 15:51

Ауылшаруашылық өндірісінің дәстүрлі түрлері бидай өсіру мен мал өсіру болып келсе, қазіргі таңда Қазақстанда жекелеген ауыл шаруашылық жобалары дамып келеді. Солардың бірі елордадан 15 км жерде орналасқан Қажымұқан ауылындағы «Зеренді» деп аталатын асыл тұқымды ешкі өсіру шаруашылығы. Шаруа қожалығы өндіретін өнімдер туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


«Зеренді» ешкі өсіру қожалығы 2016 жылы құрылды. Бүгінгі таңда Ақмола, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы дүкендерін ешкі сүтінің өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта жоба толық кешенге айналған. Мұнда мал жайлау, сүт сауу мен өндіріске әзірлеу, өндіріс техникалары – бәрі бар.

«Ешкі сүтін сауу итальяндық «параллель» жүйесі бойынша жүргізіледі. Барлық процесс жылдам әрі гигиеналық тұрғыдан бар талапқа сай. Сүт алынғаннан кейін ол толық өңдеу мен тазартудан өтеді», - дейді өндіріс басшысы Ермек Ұлықбанов.

Қожалықта қазір "заанен" тұқымынан 1000 бас ешкі бар. Бұл тұқымдағы ешкілер басқаларға қарағанда сүтті келеді. Олардың басы Нидерландыдан әкелінген. Нидерланды еліне «Зерендінің» қызметкерлері барып, оларды ұстау мен сүтін сауудан арнайы оқу курсын бітіріп келіпті. Бұл ешкілердің әрқайсысы тәулігіне 9 литрге дейін сүт бере алады. Ешкілердің жалпы санының ішінен саууға жарайтыны – 700 бас ешкі. Олардан алынған сүттен 42 түрлі өнім өндіріледі. Олар: қатты әрі жұмсақ ірімшіктер, сүзбелер, йогурттар, айран, балмұздақ, қаймақ және т.б. сүт өнімдері.

photo5400269639658877321.jpg

Басқа да ешкі сүттерін қосқанда шаруа қожалығы жыл сайын 350 тонна сүт өндіреді. Ал өндіріс қуатылылығы осы сүттен өндірілетін өнім мөлшері жлына 50 мың тоннаға дейін жеткізуге қауқарлы.

«Зеренді» асыл тұқымды фермасы ешкі сүтінен «Зерен» сауда маркасымен өнім шығарады. Өнімдер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау дүкендерінде кеңінен ұсынылған.

«Біздің ферма – Заанен, Альпі және Англо-Нубия тұқымдарының 1200- ден астам асыл тұқымды ешкілері бар Қазақстан Республикасындағы ең ірі ешкі фермасы. «Зеренді» асыл тұқымды фермасында жемшөп дайындаудан бастап соңғы өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл бар, бұл өнімнің сапасын әр кезеңде бақылауға мүмкіндік береді», - шаруа қожалығының басшысы.

Заанен ешкілері таңқаларлық дәмімен және сүттің жоғары тағамдық құндылығымен танымал. Жануарлардың рационы бір ешкі тәулігіне орта есеппен 3,5 литр сүт беретін етіп жасалған. Сүттің жоғарылауы сүттің тағамдық құндылығы мен дәмін төмендетеді.

photo5400269639658877325.jpg

«Біздің өнімдер ішкі нарықта сұранысқа ие. Сол сұраныспен Қазақстанның ішкі нарығын дамытуға қауқарлымыз. Экспортқа шығуға да мүмкіндігіміз бар. Алайда әзірге ішкі нарықты қамтамасыз етуге бар күшімізді салудамыз», - деп қосты Ермек Ұлықбанов.

Өндіріс қызметкерлерінің айтуынша, ең ұзақ әрі қиын дайындалатыны – ірімшіктер. Қазір нарықта ірімшіктің түрлері көп әрі сұранысқа ие. Холуми, брынза, сулугуни, риккота т.б. ірімшік түрлері осы өндіріс орнында шығарылады. Ірімшіктер әзірлеу үшін жабдықтардың барлығы Италиядан әкелінген. Италия – әлемде ірімшік дайындаудан алдына жан салмайтын мемлекет екенін ескерсек, олардың өндіріс жабдықтары да әлемдік стандарттарға сай.

«Ірімшік дайындауға баса назар аударып отырмыз. Себебі сұраныс бар. Біздің мамандар итальяндық жабдықта ірімшік жасау үшін Италияға барып оқу тәжірибесінен өтіп келді. Күн сайын дайындалу жолын жетілдіріп отырмыз», - деді ол.

«Зеренді» шығарған өнімдер алдымен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі. Кейін Ақмола облысы мен Қарағанды облыстарына жіберіледі.

photo5400269639658877329.jpg

Ешкі сүті адам ағзасына пайдалы болғандықтан, диетологтар мен гастроэнтерологтар оны тұтыну керектігін айтып жүр. Соңғы кездері ешкі сүтінің өнімдеріне шетелдік тұтынушылардан сұраныс артқан.

Ешкі сүт фермасының 2021 жылы өндірістік қуаты артпақ. Биыл төл басы 5000 – ға жетіп қалу көзделеді.

Ферма қызметкері Азамат Тұрмағамбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта бүкіл әлемде ешкі сүті жаппай сұраныста.

«Ешкі сүті ағзаға сіңімді. Оның құрамы сиыр сүтінен бөлек. Мұнда ағуыз бен майлардың құрамы өзгеше. Асқазанға түскен ешкі сүті тез қорытылады. Сондықтан оны нәрестелерге ана сүтінің орнына беруге болады. Аллергиясы бар адамдар да ешкі сүтін тұтына алады», - деді ол.

Ешкі сүтінің танымалдығы бүкіл әлемде тұрақты түрде өсіп келеді. Тарихи тұрғыдан ешкі сүті тамақтану үшін ғана емес, көптеген ауруларды емдеу үшін де қолданылған. Заманауи зерттеулер жақында ғана осы керемет өнімнің емдік қасиеттерінің құпияларын ашуға кірісті.

Ешкі басқа үй жануарларына қарағанда 600 өсімдік түрін көп жейді. Басқаша айтқанда, ешкілердің артықшылығы олардың рационына дәрілік өсімдіктердің максималды мөлшерін қосумен байланысты. Сондықтан ешкі сүті мен сүт өнімдері - ірімшік, айран, йогурт, қаймақ - бұл адамдар білетін ең керемет тамақ өнімдері ғана емес, сонымен қатар емдік мақсатта да қызмет ете алады.

Барлық жаңалықтар