• Басты
  • Ақмола облысында бизнеске қолайлы орта қалыптасқан: Қаржыландырылған бизнес жобалар саны 3 есеге өсті

Ақмола облысында бизнеске қолайлы орта қалыптасқан: Қаржыландырылған бизнес жобалар саны 3 есеге өсті

27 Қараша, 2020 13:36

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында атқарылып жұмыстармен, сонымен қоса өңірдің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баян етіп, аймақтағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Облыс басшысының мәліметінше, өңірде осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қызметтің көптеген бағыттары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, нақты сектор салалары бойынша, атап айтсақ, өнеркәсіпте – 106,3%, ауыл шаруашылығында - 14,2%; құрылыста-11,7%-ға артқан. Ал, Ақмола облысының негізгі капиталына түскен инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 23% - ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы республика бойынша үздік үштіктің қатарында.

Индустрияландыру картасы бойынша 38 жоба жүзеге асырылуда

«Индустрияландыру өңір экономикасын әртараптандырудың негізі болып қала береді. Бүгінде өңірде Индустрияландыру картасы бойынша 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өңір экономикасына шамамен 276 млрд теңге тартуға және 3,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Ермек Маржықпаев.

Облыс әкімінің айтуынша, ірі жобалардың қатарында алтын өндірісін және оның жалпы республикалық көлемдегі үлесін 35% - ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін екі алтын өндіру фабрикасының құрылысы бар. Жобаны іске қосу облысқа түсті металлургиядағы көшбасшылық позицияны нығайтуға мүмкіндік бермек. Бүгінде өңір республикалық көлемнің үштен бір бөлігін өндіреді.

500 аз қамтылған отбасы тұрғын үймен қамтылмақ

Облыс әкімінің дерегінше, үш жыл ішінде «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 1,5 млн.ш. м. тұрғын үй тқрғызылып, 13 мың отбасы тұрғын үй мәселесін шешкен.

«2020 жылы жоспарланған 570 мың шаршы метр тұрғын үйдің 455 мың шаршы метрі пайдалануға берілді.Жалпы жалға берілетін тұрғын үй және демеушілік қаражат есебінен биыл 500 аз қамтылған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді Ермек Маржықпаев.

Жергілікті маңызы бар 700 км жол жөнделген

Сонымен қатар, облыс әкімі өңірде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және қайта жаңарту, сумен жабдықтау сияқты мәселелерге көп көңіл бөлінеді.

«Мемлекеттің жергілікті жолдар желісін дамыту жөніндегі басым міндетін ескере отырып, биыл жергілікті маңызы бар 700 км жол жөнделді», - деді ол.

Сонымен бірге, облыс басшысының сөзіне сүйенсек, халықты таза ауыз сумен қамтуды кеңейту мақсатында облыста 62 жоба іске асырылуда. Жобалар аяқталғаннан кейін 30 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмек, сөйтіп қамту деңгейі 83% - ға жетпек.

«2023 жылға дейін әзірленген сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде 118 елді мекенде су құбыры желілерін салу, 60 шағын ауылда жергілікті блок-модульдерді орнату жоспарлануда», - деді Ермек Маржықпаев.

ШОБ-ты қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру

Бұдан бөлек, облыс әкімі дағдарысқа қарсы шаралар аясында шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, 20 мыңнан астам субъект салық жеңілдіктері мен несиелер төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болған. Олардың іскерлік белсенділігін қалпына келтіру үшін екі бағдарлама шеңберінде 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Бизнестің жол картасы» бойынша 300 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетілді, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 800-ден астам микрокредиттер және 700 өтеусіз гранттар берілді. Өңірлік бизнес «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсенді қатысады. Биыл 15,2 млрд теңгеге 120 бизнес-жоба қаржыландырылды, бұл өткен жылдан үш есе көп», - деді ол.

Мұндай жобаларды жүзеге асыру, оның дерегінше, қосымша 1300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру барысында 9650 жұмыс орны құрылған. Еңбек нарығында бағдарламаларды іске асыру есебінен барлығы 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылған, оның ішінде 13 мыңы тұрақты.

Денсаулық саласы

Аймақта тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етіп, короновирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуіне жол бермеу үшін шаралар мен шектеулер қабылданып жатыр. Облыс басшысының айтуынша, облыста ПТР-талдауларға арналған 6 зертхана жұмыс істейді. Зертханалардың резервтік қуаты қажет болған жағдайда тәулігіне 7 мың тестке дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«1000-нан астам төсек-орын, ал резервте 5000 орын бар. Қысқа мерзімде 200 орындық жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынды, штат жасақталған және қазір медициналық мекеме науқастарды қабылдап жатыр»,- деді ол.

Сонымен қоса, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту кезінде ӨЖЖ аппараттарының саны 2,5 есеге, оттегі концентраторларының саны 5 есеге артқан. Жедел жәрдем автопаркі 41 жаңа машинамен толығып, тағы 17 көлік жеткізіледі деп күтілуде. Көкшетау қаласында 150 келушіге арналған онкологиялық емхананың құрылысы аяқталды, нысан желтоқсан айының ортасында іске қосылмақ.

Барлық жаңалықтар