• Басты
  • АӨК-ні дамыту: Өңделген өнім экспортын арттыру, субсидия көлемін ұлғайту және қолдау шаралары

АӨК-ні дамыту: Өңделген өнім экспортын арттыру, субсидия көлемін ұлғайту және қолдау шаралары

2 Наурыз, 2021 12:03

Бүгін үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың «АӨК-ні дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баян етті. Оның мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіштер бойынша оң серпіні байқалып отыр. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрдің дерегінше, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құраған. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Бұл ретте, тамақ өнімдері өндірісі 4%-ға артқан.

Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мақсатында қойылған міндеттер:

- ішкі нарықты 80%-дан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен толықтыру

- 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру

- еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру

- өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту

Сапархан Омаровтың айтуынша, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі міндетті шешу үшін министрлік импортын қысқарту қажет позицияларды айқындаған. Олардың қатарында құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық бар. 

«Бүгінде алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды», - деді министр.

Құс етінің көлемі қажеттіліктің 58%-ын жабады

Ведомство басшысының мәліметінше, қазір өзімізде өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады. Толықтай молықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Өткен жылдың өзінде қуаты 94 мың тонна болатын 8 құс фабрикасы іске қосылған.

«Алдағы үш жылда жалпы қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жобаларды үш жыл ішінде іске қосу құс еті бойынша қажеттілікті толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді», - деді министр.

Министрліктің дерегінше, ішкі нарық отанымызда өндірілетін шұжық өнімімен 62%-ға қамтамасыз етілген. Толықтай молықтыру қуаты 77,8 мың тонна болатын 6 ет комбинатын іске қосу есебінен, сондай-ақ айналым мақсаттарына арналған қаржыландыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен қамтамасыз етілмек.

35 сүт фермасы іске қосылады

Сонымен қоса, Сапархан Омаров сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, молықтыру мәселесін өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларының қуаттылықтарын іске қосу мен кеңейту және отандық сүт зауыттарын жете жүктеу есебінен шешу жоспарланып отыр.

«Сондықтан жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ретте өткен жылдың өзінде жалпы қуаты 98 мың тонна болатын 48 тауарлық сүт фермасы іске қосылды, оның 17-сі – өнеркәсіптік тауарлық сүт фермалары», - деді ол.

2024 жылы алмамен толық қамтамасыз етілмек

Сонымен қоса, ол алманы жалпы тұтыну көлемі - 344,3 мың тоннаны, импорт - 144 мың тоннаны құрайтынын, ішкі нарықты 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен молықтыру болжанып отырғанын атап өтті. Оның мәліметінше, жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ өсіретін өңірлер қатарына Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары және Шымкент қаласында шоғырландыру ұсынылған.

«Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың га болады, бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы өз-өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.

Қант зауыты салынбақ

Сонымен қоса, ол қазіргі уақытта отанымызда өндірілетін қант тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайтынын, ішкі нарықты молықтыру Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна қант болатын жаңа қант зауытын салу есебінен болжанғанын айтып өтті.

«Қосымша 175 мың тонна қант өндіру есебінен қант тапшылығын шешіп, 80% қамтамасыз ету көлеміне шығу жоспарлануда», - деді министр.

Балықпен 100%-ға дейін қамтамасыз етіледі

Министрдің сөзіне сенсек, қазіргі уақытта балық өнімдерімен қамтамасыз ету 60,8%-ды құрайды. Ішкі нарықты молықтыру үшін өндіру қуаты 13,5 мың тонна балық болатын 8 жоба іске қосылмақ. Бұл қамтамасыз ету көлемін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Сапархан Омаров республика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланғанын, оның 65%-дан астамын импортты алмастыру аясындағы жобалар құрайтынын атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша, бұл тізбеге агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін ұлғайту, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар бойынша, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар жобалар енгізілген.

«Жалпы жыл сайын орта есеппен 75-80 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл біздің іске асыруымыз қажет жобалардың ең аз көлемі екенін атап өткім келеді. Министрлік жобаларының пулы инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарларын облыстар әкімдіктерінің пысықтауы нәтижесінде кеңейтілетін болады», - деді министр.

Сондай-ақ, министрдің сөзінше, бұл жобалар мемлекет басшысының 7 ірі экожүйе құру тапсырмасының ажырамас бөлігі болмақ, оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру мен өңдеу экожүйелерін құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.

«Мәселен, өсімдік шаруашылығында зәкірлік «BioOperations» ЖШС кәсіпорнымен Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және өңдеу жөніндегі экожүйе құрылуда. Экожүйе кооперация қағидаты бойынша астықты тереңдетіп өңдейтін зауытты, құрамажем зауытын, құс кешенін, тауарлық сүт фермасын және осы кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірушілерін біріктіреді», - деді ол.

Микрокредит беру жалғасады

Бұдан бөлек, министр ауылда микрокредит беру жалғасатынын еске салды. Оның дерегінше, өткен жылдың өзінде бұл мақсаттарға 43,2 млрд теңге бағытталған, бұл 11 мыңнан астам микрокредит беруге мүмкіндік берген.

«Оның 60%-ын стартап-жобалар құрайды. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың микрокредит беру жоспарланып отыр», - деді ол.

АӨК-ні мемлекеттік қолдау шаралары

Министрдің сөзінше, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін өткен жылы министрлік субсидиялау тетіктерін қайта қарап, олар белгілі бір салаға баса назар аудармай, бірыңғай тәсілдемені көздейтін болды. Сондай-ақ, шағын және орта фермерлердің субсидиялауға қол жеткізуі шектері өзгертілгенін де атап өтті.

«Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін ағымдағы жылдан бастап бизнес үшін қарсы міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізіледі», - деді ол.

Субсидиялау көлемдерін ұлғайту есебінен 2025 жылға қарай жоспарланды:

-ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 4%-дан 6%-ға дейін

-минералды тыңайтқыштарды қолдану ғылыми негізделген норманың 21%-ынан 30%-ға дейін

-IV репродукцияға дейінгі жоғары сапалы тұқымдарды енгізу деңгейін 93%-дан 97%-ға дейін жеткізу

«Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болады. Бұл ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға болжауға мүмкіндік береді», - деді министр.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында салалық мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қосу жолымен екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі және синдикатталған қарыздар (бірнеше банк бір жобаны кредиттеген кезде) арқылы ауыл шаруашылығы секторына кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту және жастар үшін ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруға гранттар енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, барлық агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шараларының бірыңғай электрондық ресурсы құрылатын болады.

Коронавирус: Азық-түлік қауіпсіздігі

Сонымен қоса, ол коронавирус пандемия жағдайында бүкіл әлемде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауыл шаруашылығының рөліне деген жалпы түсініктің өскенін атап өтті. Сондықтан, оның айтуынша, Қазақстан мен көптеген мемлекеттер үшін импортты алмастыру мәселесі басымдыққа ие.

«Жүргізіліп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте басымдық инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына берілетін болады», - деді ол.

Сонымен бірге, министр мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта келесі бес жылға арналған жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба агробизнеспен, ғылыммен талқыланып жатқанын атап өтті.

«Жоғарыда аталған барлық шаралар Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілетін болады», - деді ол.

Оның сөзінше, жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өнім экспортын, ауыл шаруашылығы жұмыскерлерінің табысын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қосымша 500 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Барлық жаңалықтар