• Басты
  • АҚДМ қорытындысы: Азаматтық қоғам, ҮЕҰ-нің жұмысы, жастар мен қандастар мәселесі

АҚДМ қорытындысы: Азаматтық қоғам, ҮЕҰ-нің жұмысы, жастар мен қандастар мәселесі

26 Мамыр, 2021 17:15

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева министрліктің атқарған жұмысы туралы айтып берді. Ол өз баянында пандемия кезіндегі ақпарат тарату мәселесі, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы, жастар мен отбасы мәселесі, сондай-ақ қандастардың мәселелерін шешуге бағытталған шараларға тоқталды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Ақпарат саласының жұмысы

Ақпарат және қоғамдық даму министрi Аида Балаеваның айтуынша, 2020 жылы мемлекеттiк ақпараттық саясатты iске асыру 88 бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сәттi жүзеге асырылды. COVID-2019 пандемиясымен кұрес шаралары, вирустың алдын алу шаралары туралы ақпарат беру бойынша ауқымды жұмыс жүргiзiлдi. Осыған байланысты 250-ден астам бейне-роликтер түсiрiлдi. «Ел арна» және «Балапан» телеарналарының эфирiнде мектеп жасындағы балаларға арналған «онлайн-сабақтар» әзiрленiп, көрсетiлдi.

Сонымен қатар, Қазақстанда коронавирустың алғашқы фактiлерi тiркелгеннен кейiн бiрден «coronavirus2020.kz» порталы iске қосылды. Оған күн сайын 80 мың қолданушы кiредi. Сонымен бiрге, бүгiнде 240 мыңнан астам жазылушысы тiркелген аталмыш сайттың телеграмы да iске қосылды. Сондай-ақ, инфодемиямен күресте stopfake.kz веб-сайтының құрылуы да маңызды қадамдардың бiрi болды. Ол 2020 жылдың шiлдесiнде iске қосылған едi.

Сонымен бiрге, министр бұл саланың болашақтағы дамуы үшiн ғана емес, туындаған мәселелердi күнделiктi шешу мақсатында заманауи және тиiмдi нормативтiк-құқықтық база қажеттiгiн атап өттi. Оның айтуынша, осыған байланысты бiрқатар iс-шара қабылданған.

Мәселен, 2020 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ақпарат мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң қабылданған. Ол мемлекеттiк ақпараттық тапсырыстың тиiмдiлiгiн арттырып қана қоймай, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының коммерциялық мүмкiндiктерiн де арттыруға мүмкiндiк бередi.

«Сонымен қоса, саланың мәселелерiн, оның iшiнде «Бұқаралық коммуникациялар туралы» Заңды жетiлдiру жолымен шешуге бағытталған шаралар кешенiн қарастыратын 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық ақпаратты дамыту жоспары бекiтiлдi», - дедi министр.

Сондай-ақ, саланың кадрлық әлеуетiнiң кәсiби деңгейiн арттыру саласында жүйелi жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. «2020-2021 жылдарға арналған медиа саласындағы мамандарды даярлаудың арнайы жоспары» әзiрленген. Бұл ең алдымен салалық журналистикаға қатысты екенiн нақтылап өттi.

Бұдан бөлек, Аида Балаева ақпаратқа қол жеткiзу мәселесiне тоқталып өттi. Оның сөзiнше, мемлекет басшысының өз Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударуы кездейсоқ емес.

«Ақпаратқа қол жеткiзу туралы заң қабылданғаннан берi оған ешқандай тұжырымдамалық өзгерiстер енгiзiлген жоқ. Осыған байланысты қажеттi түзетулер пакетi әзiрлендi, оған Президент 2020 жылы 30 желтоқсанда қол қойды», - дедi министр.

Осылайша, бұдан былай:

- барлық мемлекеттiк органдарда ақпаратқа қол жеткiзу үшiн уәкiлеттi адамдар немесе бөлiмшелер анықталды

- биыл Мемлекет басшысына алғаш рет Үкiмет ақпаратқа қол жеткiзу саласының жай-күйi туралы есеп ұсынады

- ақпарат ие бола алатын адамадар тiзiмi кеңейтiлдi. Оларға орталық және (немесе) жергiлiктi атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар жатады

- мемлекеттiк органдарға заң жобалары мен бюджеттiк бағдарламалар жобаларына қатысты қоғамдық талқылаудың басталғаны туралы ақпараттық хабарламаларды интернет-ресурста орналастыру туралы талап енгiзiлдi

2 мыңға жуық әлеуметтiк жоба жүзеге асырылады

Министрдiң мәлiметiнше, елiмiзде заңды түрде тiркелген 22 мыңнан астам ҮЕҰ бар, ал iс жүзiнде 16 мың белсендi ұйым немесе 40 мыңға жуық адам әлеуметтiк әдiлеттiлiк жолында қызмет iстеп жүр.

«Мемлекет ҮЕҰ-мен серiктестiгiн жыл сайын арттырады. Сонымен қатар, мұның бәрi тек гранттар мен әлеуметтiк тапсырыстар түрiндегi қаржылық қолдаумен ғана шектелмейдi. Десек те, соңғы 5 жылда мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты қаржыландыру көлемi екi есеге артты, ал гранттар саны - 3 есеге өстi. Осының арқасында жылына орта есеппен 2 мыңға жуық әлеуметтiк маңызы бар жоба жүзеге асырылады», - дедi Аида Балаева.

Оның айтуынша, министрлiк осы бағыттағы мақсаты - азаматтық бастамаларды толығымен жүзеге асыру және ҮЕҰ өзiн-өзi дамыту үшiн қалыпты, өркениеттi жағдайлар жасау. Мұнда құқықтық және институционалдық аспектiлер маңызды екенiн де еске салып өттi.

Осылайша, министр осы бағытта қандай жобалар жүзеге асырылып, қандай жұмыстар қолға алынғаны жөнiнде айтып бердi.

«Мемлекет басшысының жарлығымен 2020 жылы 27 тамызда 10 жылға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Ендi бiз негiзiнен заңнамалық және ұйымдастырушылық тетiктердi жетiлдiру мәселелерi жинақталған бiрiншi кезеңдi жүзеге асыруды бастадық. Екiншi кезең - нақты iс-әрекетке тiкелей көшу болмақ», - дедi министр.

Сонымен қоса, Аида Балаева 2021 жылдың 3 қаңтарында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға түзетулер енгiзiлгенiн, бұл осы институттың өкiлеттiктерiн едәуiр кеңейтiп, күшейткенiн атап өттi. Осылайша, қолданыстағы 237 қоғамдық кеңестiң қатары 13 қоғамдық кеңеспен толықтырылып, процеске қатысатын азаматтар қатары өскен.

«Осы кезден бастап қоғамдық кеңестердiң кем дегенде 70% -ы ҮЕҰ болуы керек екенiн ескерсек, бұл елдiң азаматтық секторын дамытуға жасалған маңызды қадам», - дедi ол.

Сондай-ақ, министр биыл президенттiң тағы бiр маңызды бастамасын жүзеге асыруда «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа Заңды және онлайн-петициялардың бiрыңғай заңды институтын құру бойынша түзетулер қабылдау жоспарланғанын атап өттi.

«Бүгiнде заң жобасы белсендi түрде талқыланып жатыр. Жұмыс тобына белгiлi заң сарапшылары, құқық қорғаушылар, қоғам қайраткерлерi кiредi, олардың принциптiк ұстанымдары құжатта көрсетiлген», - дедi Аида Балаева.

Бұдан бөлек, ҮЕҰ ұсыныстарына, Азаматтық форумға қатысушылардың ұсыныстарына сүйене отырып, биыл «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» қолданыстағы заңдарды бiрiктiретiн «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң жобасы мен «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» заң жобасының Тұжырымдамасының жобасы жасалып жатқанын атап өттi. Заң жобасы аясында, сондай-ақ КЕҰ тiркеу процедураларын жетiлдiру және жеңiлдету, КЕҰ-ға салықтық жеңiлдiктер қарастырылған. Заң жобасын Үкiметтiң заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарына енгiзу жоспарлануда.

«Сондай-ақ, ҮЕҰ-мен консультациялық жұмыстың нәтижесiнде ҮЕҰ-ға гранттар берудiң қолданыстағы ережелерiне өзгерiстер енгiзiлдi. Сонымен, гранттық қаржыландыру туралы қазiр жабық форматта емес, халықтың қажеттiлiктерiн ескере отырып, интернет-ресурстарда қоғамдық талқылау арқылы өтедi. Грант алушылар мен сарапшыларды iрiктеу бойынша конкурстар әлеуметтiк желiлерде тiкелей эфирде көрсетiледi», - дедi министр.

Сонымен қатар, ҮЕҰ-ға сыйлықтар беру ережелерiне де түзетулер енгiзiлген. Ендi ҮЕҰ-ға онлайн-өтiнiмдердi электронды пошта арқылы жiберуге мүмкiндiк берiлдi. Биыл қатысушылар санын 2-3 есеге көбейту жоспарланған.

Сонымен қоса, ҮЕҰ-ны одан әрi институттандыру жөнiндегi жұмысы күшейтiлген. Осылайша, «ҮЕҰ академиясы» жобасы жүзеге асырылуда, оның негiзiнде биыл 800 ҮЕҰ оқытылатын болады.

Қоғамдық сананы жаңғырту

Министрлiктiң құзырындағы тағы бiр маңызды идеологиялық бағыт – қоғамдық сананы жаңғырту саласына тоқталып өттi министр.

«Әрине, руханият бағытындағы жұмыстың нәтижесi бiрден көрiнбейтiнi белгiлi. Оның iшiнде қоғамдық сананы жаңғырту – үлкен еңбектi, ұзақ мерзiмдi талап етедi», - дедi ол.

Оның сөзiнше, Тұңғыш Президент – Елбасының тарихи мақаласынан бастау алған Бағдарлама бойынша бүгiнде 17 арнайы жоба жүзеге асып жатыр. Жыл басынан берi 3 миллионнан астам халықты қамтыған 13 мыңнан артық iс-шара өткiзiлген.

«Әрине, әр жобаның өз орны мен аудиториясы бар. Дегенмен солардың арасында «Туған жер», «100 жаңа есiм», «Киелi Қазақстан», «100 жаңа оқулық» «Еңбек – елдiң мұраты», «Үнем – қоғам қуаты» жобаларын ерекше атауға болады», - дедi министр.

Жалпы, оның мәлiметiнше, бағдарламаның басты мақсаты – жаңа сападағы қоғамдық сана қалыптастыру. Бұл ретте, биылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасын - Ұлттық жаңғыру кезеңiне өткiзу қолға алынды. Бағдарламаны халықтың жас ерекшелiктерiне сай топтап, әр мақсатты топқа – арнайы жобалар әзiрленедi. Оның iшiнде, әсiресе мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы буынға басты көңiл бөлiнетiн болады.

Жастар және отбасы саясаты

Ресми статистика бойынша, қазiр елiмiзде 3 миллион 765 мың жастар өкiлi бар. Бұл халықтың 20,4%-ын құрайды. 500-ден астам жастар ұйымы қызмет етедi. 

«Өкiнiшке орай, былтырғы пандемиялық шектеулерге байланысты бiрқатар жобалар тоқтатылған болатын. Бiразы, онлайн форматқа ауыстырылды. Десе де, негiзгi жоспарлы жұмыс сақталып 22 әлеуметтiк жоба iске асты. Оның аясында 300 мыңнан астам адамды қамтыған, 200-ден астам iс-шара ұйымдастырылды», - дедi ол.

Бұл кезеңдегi жұмыста, оның сөзiнше, негiзiнен ақпараттық-кеңес беруге басымдық берiлген. Жастарды қолдауға арналған түрлi мемлекеттiк бағдарламалар, жобалар мен бастамалар бойынша 11 миллион адамға кешендi ақпараттық-түсiндiру жұмыстары жүргiзiлдi. Қазiргi таңда, жастар және отбасы саясаты бағытында 12 гранттық жоба орындалуда. Жыл аяғына дейiн тағы 12 жоба iске қосылатын болады.

«Сонымен қатар, биыл «Тәуелсiздiк Ұрпақтары» түрлi саладағы талантты жастарды қолдауға арналған 30 гранттық жоба ұсыну жоспарланып отыр. 2020 жылы Жастар жылының Жол картасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастар 1 мың жалдамалы пәтерге қол жеткiздi. 2021 жылы тағы 3 мың пәтер берiледi», - дедi министр.

Сонымен бiрге, ол «Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейiнгi Кешендi жоспары» әзiрленгенiн атап өттi. Сапалы бiлiм, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мәдени-рухани қолдау сынды 10 негiзгi бағыттан тұратын Жоспар бүгiнде толық қабылданып, нақты iске асып жатыр. 

Министрдiң айтуынша, соңғы зерттеулер нәтижесi жастар арасында үш негiзгi мәселенiң өзектiлiгiн анықтаған. Атап айтқанда: сапалы бiлiм, жұмыспен қамту және тұрғын үй. 

«Яғни, жүйелi түрде шешудi талап ететiн сұрақтар. Ал бұл өз кезегiнде стратегиялық құжаттар кешенiн қабылдауды көздейдi», - дедi министр.

Бiрiншiден, «Мемлекеттiк жастар саясаты мәселелерi бойынша кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер енгiзу туралы» Заң жобасы. Оның аясында «Жастар дамуының индексi», «NEET» жастар категориясы» сияқты жаңа ұғымдар заңмен бекiтiлетiн болады.

Екiншi. «Тәуелсiздiк ұрпақтары» ұлттық жобасы. Ел тәуелсiздiгiнiң 30 жылдығы аясында Мемлекет Басшысы жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаны тұтас бiр ұлттық жобаға бiрiктiрудi тапсырған болатын. Бүгiнге дейiн барлық өңiрде қоғамдық тыңдаулар өтiп, 100 ден астам ұсыныс жобаға енгiзiлдi. Аталған Құжат – жастар саясаты саласында барлық мемлекеттiк органдардың жұмысын бiр жүйеге келтiрiп, идеологиялық бағыттан – базалық қажеттiлiкке дейiнгi мәселелердi қамтитын болады.

«Сондай-ақ, «NEET» жастар категориясымен жұмыс жөнiнде Республикалық жобалық Кеңсе жұмысын бастады. Оның аясында, осы категориядағы жастардың бiрыңғай мәлiмет базасын құру, ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын күшейту, нақты ұсыныстар әзiрлеу және адрестiк жұмыс бөлiмдерiн ашу көзделiп отыр», - дедi Аида Балаева.

Жастардың экологиялық сауаттылық деңгейiн арттыру – бүгiнгi күннiң өткiр тақырыптарының бiрi. Бұл бағытта, Министрлiк тарапынан жүйелi жұмыстар легi атқарылып келедi. Биылғы 25 сәуiр мен 25 мамыр аралығында ел бойынша 80 мыңнан астам жастар өкiлiн қамтыған «Киелi Табиғат» республикалық экологиялық жобасы iске асты. Бұл бағытта, негiзiнен ақпараттық-ағарту жұмысына баса назар аударылады. Алдағы уақытта, Экологиялық жастар театры мен арнайы Ютюб-арна ашу жоспарда барын атап өттi.

«Жастар саясатын жүзеге асыру барысында шет мемлекеттермен өзара тәжiрибе алмасу да үнемi назарда. Бұл ретте, биыл халықаралық деңгейде «Түркiстан – түркi әлемiнiң бесiгi» Түркiтiлдес елдердiң Жастар Саммитiн, Азиядағы «Өзара қарым-қатынас пен сенiм шаралары жөнiндегi Кеңес» елдерiнiң Жастар Форумын өткiзу жоспарда бар», - дедi министр.

Отбасы саясаты бағытында «2030 жылға дейiн гендерлiк және отбасылық саясат Тұжырымдамасын iске асырудың iс-шаралар Жоспарының» екiншi кезеңi бекiтiлгенiн атап өттi. Оның айтуынша, тұжырымдама негiзiнен отбасы институтын нығайту, репродуктивтi денсаулық күтiмi, гендерлiк теңдiк, тұрмыстық зомбылықты болдырмау мәселелерiн қамтиды.

«Соның iшiнде, тұрмыстық зомбылықпен күрес мәселесi өте өзектi. Өкiнiшке орай, былтырғы карантиндiк оқшаулану кезiнде тұрмыстық жанжал фактiлерi күрт өскенi бiлiндi. Ал бұл мәселемен айналысатын Орталықтар елiмiздегi тек iрi қалаларда ғана шоғырланған. Қазiр ел аумағында тұрмыстық зомбылық құрбандарына арналған 65 Дағдарыс Орталығы жұмыс жасайды. Дегенмен бүгiнде әрбiр аудан және қалада осындай Орталықтар ашу қолға алынуда. 2025 жылға дейiн олардың санын 234-ке жеткiзу көзделiп отыр», - дедi Аида Балаева.

Қандастар мәселесi

Сонымен бiрге, бұл бағыттағы қоғам үшiн ерекше маңызы бар тағы бiр бағыт – Қандастар мәселесi. Өздерiңiзге мәлiм, Қазақстан шетелдегi диаспорасын Отанына шақырған әлемдегi санаулы мемлекеттердiң қатарында.

«Бұл мақсатта, Министрлiк жанынан «Отандастар» қоры құрылып, нақты жобалар жүйелi жүргiзiлiп келедi. Бүгiнде әлемнiң 12 елiндегi қазақ қауымдастығының сұрауымен қазақ тiлiн оқытатын 31 онлайн сынып жұмыс жасайды. Мәдени-гуманитарлық байланысты күшейту мақсатында 5 мемлекетте «Abai Uii» қазақ мәдени-iскерлiк орталықтары ашылды», - дедi министр.

Елге оралған қандастарды жаңа ортаға бейiмдеу жұмысы да бiр жүйеге келтiрiлдi. Қандас мәртебесi мен азаматтық алу рәсiмiн жеңiлдететiн «бiр терезе» принципi жобасы бүгiнде толық пысықталды. Аталған процедура Халыққа қызмет көрсету Орталықтары арқылы жақын арада қол жетiмдi болады.

«Елiмiздiң 10 өңiрiнде «Отандастар» қорының фронт-офистерi жұмыс iстеуде. Тағы 6 өңiрде фронт-офистер ашылады. Орталықта жаңадан елге келген қандастарға дұрыс құжат рәсiмдеуден бастап оларды мемлекеттiк қолдаудың барлық сұрақтары бойынша құқықтық, ақпараттық көмек берiледi. Былтыр 5 мыңнан астам өтiнiшке нақты көмек көрсетiлдi», - дедi Аида Балаева.

Жалпы,ол осынау сауабы мол абыройлы мiндеттiң үдесiнен шығу үшiн министрлiк институционалдық тұрғыдан да, құқықтық бағытта да қызмет етуге қашанда даяр екенiн тiлге тиек еттi. Десе де, оның сөзiнше, бұл жұмыста ең бастысы – дүние жүзiне тарыдай шашылған қандастарымызды елге көшiру ғана емес, олардың әлемнiң қай түкпiрiнде жүрсе де ұлттық мүдделерiн қорғау, қарабасына қамқор болу.

Барлық жаңалықтар