• Басты
  • А.Аймағамбетов: Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі
31 Наурыз, 2020 12:34

А.Аймағамбетов: Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі

Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға берілетін болады. Бұл туралы қашықтан білім беру жүйесі жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

А.Аймағамбетов: Мектептердегі компьютерлер балаларға уақытша пайдалануға беріледі

Министрдің сөзінше, елімізде интернеті мен техникалық мүмкіндігі бар, алайда компьютері жоқ 300 мыңнан астам бала бар. Ол осы мәселе бойынша екі шешу жолын атап өтті. 

"Мектептердегі компьютерлерді балаларға уақытша пайдалануға беріледі. Бұл жұмысты біз бастадық. Елорда мен Алматы қаласында бұл жұмыс өте белсенді жүріп жатыр. Мысалы, Алматыда бүгін 10 мыңнан астам компьютерді таратып үлгерді. Сондықтан мектептердегі компьютерлерді пайдалану бойынша арнайы актпен балаларға, ата-аналарға білім алу үшін тапсырып жатырмыз", - деді министр.

Сондай-ақ Асхат аймағамбетовтың сөзіне сүйенсек, оқу ордасының компьютерлері жеткілікті емес, сондықтан қосымша компьютерлер сатып алынбақ.

"Сонымен қатар мектептің компьютерлeрі жеткіліксіз, сол себепті біз қосымша компьютерлер сатып алу бойынша да жұмысты жүргізіп жатырмыз. Жалпы 80 мыңға жуық компьютер сатып алынатын болады. Оның ішінде компьютерлері де, планшеттері де бар", - деді министр.


Сонымен бірге Асхат Аймағамбетов 6 сәуірден бастап қашықтан оқыту форматына көшу бойынша дайындық жұмыстарына тоқталды. Оның сөзінше, осы аптада ата-аналарға да, балаларға да түсіндіру жұмыстары жүретін болады. 

"Дайындық жұмысы біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз ертең 1 сәуірде арнайы сынама үшін сабақ өткіземіз. Барлық мектептерде ұстаздар өздерінің сынама сабақтарын жүргізіп, қалай қосылатынын қарап, тиісті жұмыстар жүргізетін болады. Ал 2 сәуірде ата-аналардың жиналысы болады. Жиналыста біз жүйеге қалай қосылу керек, балалардың жұмысын қалай ұйымдастыру керек, жалпы қашықтан оқыту жұмысы қалай жүргізілетіні жөніндегі сұрақтарға жауап беріледі. Ал жұма күндері бізде тиісті сынып сағаттары өткізіледі. Онда балаға да, ата-анаға да қашықтан оқыту форматы қалай жүзеге асатыны жөнінде ақпарат береміз" - деді Асхат Аймағамбетов.


Бұдан басқа министр қашықтан оқыту форматы тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде жүрiп жатқанын тілге тиек етіп, ата-аналар мен ұстаздарды түсіністікпен қарауға шақырды.

"850 млн-ға жуық оқушы әлем бойынша қашықтан оқуға көшті. Сабақтар тоқтатылған жоқ. Мұндай онлайн оқуға барлық елдер қазіргі жағдайға байланысты мәжбүр болып отыр. Сол себепті түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын. Бұл біздің министрліктерге де, ұстаздарымызға да, оқушыларымызға сынақ болғалы тұр", - деді Асхат Аймағамбетов.


Сонымен ол қашықтан оқыту форматы ауыл мектептері мен шалғайдағы шағын жинақты мектептерде оқитын балаларға күрделі болатынын атап өтті. Оның сөзінше, осы мәселелерге назар аударылып, тиісті жұмыс басталған. Қазіргі таңда 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде.

"Бүгінгі күні 4 бағыт бойынша қашықтан оқыту жүзеге асырылады. Бірінші бағыты - теледидар арқылы тиісті сабақтарды беру. Екі республикалық телеарна келісімін беріп, біз жұмысты бастап кеттік. Олар Ел арна мен Балапан арнасы. Осы арналар күнделікті график бойынша сабақтар беріледі. Күніне 8 сағат. Біздің есебімізше, 4-тоқсанды қамту үшін бізге 3360 сабақты түсіру керек. Қазіргі таңда 300 сабақ дайын, түсірілді", - деді министр.


Министрдің айтуынша, интернеті жоқ немесе теледидарға сигналы жетпейтін елдімекендерге де қашықтан оқу жүйесі бойынша сабақ өткізу мәселесі де жолға қойылған. 

"Екінші бағыт - радио арқылы сабақты өткізу. Теледидарға сигналы жетпейтін елдімекендер Қазақ радиосы арқылы сабақ оқиды. Қазақ радиосымен келістік. Күнделікті график бойынша Қазақ радиосы арқылы да сабақ жүргізіледі. Үшіншісі - пошта арқылы. Бізде өте шағын 1200 елдімекен бар. Оларда 3,4,5 бала ғана оқитын. Бұрындары тиісті машиналар арқылы мектептерге алып келіп, кейін сол машиналар арқылы үйіне қайтатын. Олар да білім алу керек, сол себепті бұл жағдайда пошта арқылы сабақ өткізілмек", - деп атап өтті министр.


Сондай-ақ қашықтан оқыту кезінде ұстаздардың да соңғы технологияны меңгеру, пайдалана алу мәселесі де қарастырылған. Оның сөзінше, онымен аймақтық білім басқармалары жұмыс істеуде.

"Ал төртінші бағыт интернет жүйесі арқылы жүргізіледі. Біз қазір қысқа уақыт ішінде бірнеше интернет платформаларын дайындадық. Осы бірнеше платформалар бойынша біз қазір тиісті цифрлық ресурстарды да дайындап болдық. Сонымен қатар біздің ұстаздарымыздың да осы цифрлық платформалармен, оларды пайдалана білу мәселесіне де үлкен бөлудеміз. Сондықтан әр мектепке, әр колледжге, әр ЖОО-ға білім басқармалары тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр", - деді Асхат Аймағамбетов.


Еске салайық, елде енгізілген төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап қашықтан оқыту форматына көшеді.

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды