• Басты
  • А.Аймағамбетов: Әліппе мектеп бағдарламасына енгізіледі
21 Қазан, 2019 11:47

А.Аймағамбетов: Әліппе мектеп бағдарламасына енгізіледі

Әліппе мектеп бағдарламасына енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте өткен Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қорытындылау сағатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 
А.Аймағамбетов: Әліппе мектеп бағдарламасына енгізіледі

"Әліппе мәселесі көптен бері көтеріліп жүр. Шын мәнінде өте маңызды. Біз тамыз кеңесінде бұл мәселеге жеке тоқталдық. Қазір жұмыс тобы құрылды. Әліппені мектеп бағдарламасына енгізу керек. Оған ешқандай экперимент қажет емес. Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бар. Сол әдістемеден басқа ештеңе ойлап табу керек емес. Аталған әдістемені басшылыққа алып, жұмысқа кірісіп кеттік", - деді министр.

Министрлік басшысының айтуынша, басқа мемлекеттік бағдарламалармен салыстырғанда, білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 94,3 пайызға орындалған.

"Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 5 мақсат, 23 міндеттен тұрады. Жалпы "Ұлт жоспары 100 нақты қадам" Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясы Рухнаи жаңғыру бағдарламасының шеңберіндегі мақсат-міндеттер бағадарламаның көрсеткіштерінде қамтылды деп айтқым келеді. Бұл үкіметте де қаралды. Президент әкімшілігі 12 мемлекеттік бағдарламамен салыстырғанда 94,3 пайызға орындалғанын атап, жоғары баға берді. 12 индикатордың 11-і, 71 көрсеткіштің 65-і, 262 іс-шараның 259-ы толық орындалды", - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрінің сөзіне сүйенсек, білім беру саласында Қазақстан әлемдік деңгейде де жоғары көрсеткішке ие. 

"Қазақстан IMD-нің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық рейтингінің білім беру субфакторы бойынша әлемдік 64 елдің арасында Қазақстан 26-шы орында. Осы рейтингтің 5 көрсеткіші бойынша еліміз бірінші орында. Ал, 2019 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде «Дағдылар» факторы бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 57-ші орын алды. Сондай-ақ, 2019 жылы "WorldSkills International" халықаралық байқауында қазақстандық команда 14 орынға ие болды", - деді министрлік басшысы.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қазақстандық оқушылар мәтінді түсіну және оқу сауаттылығы бойынша PIRLS-те 27 орынға ие болса, математика және ғылым саласындағы академиялық білім бойынша TIMSS үздіктер қатарына кіреді.

Бұдан бөлек, Асхат Аймағамбетов елдегі мектепке дейінгі ұйымдардың мәселесіне тоқталды. 

"Мектепке дейінгі ұйымдарда жолдаманы кезекке қою және беру 70% автоматтандырылған. Біріншіден, проблемалық мәселелердің ішінде мен елде бірыңғай электронды кезектің жоғын атап өткім келеді. Екіншіден, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша барған балалардың кезектен шықпайтын жағдайлары бар. Жалпы қызмет көрсетіліп жатыр, мұндай проблемалар болып тұрады. Біз оларды шешеміз", - деді министр.

Сондай-ақ, оның айтуынша, осынша қысқа мерзімде жекеменшік балабақшалардың саны екі есеге өскен.

"Мектепке дейінгі білім беруде 1 индикатор 11 көрсеткіш 19 шараны іске асыру қарастырылған. 1 индикатор орындалмаған - аттестаттаудан өткен мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі. Бұл бірнеше жылдар бойы БҒМ алқасының шешіміне сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарға аттестаттау жүргізілмегендігімен байланысты. GPOM жүзеге асырылған жылдар ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 81 пайыздан 95,2 пайызға өсті. Мемлекеттік бақшаларға жүктеме азайды және жеке бақшалардың үлесі өсті, ол бүгінгі күнге 38 пайызды құрады. Жалпы, жекеменшік балабақшалардың үлесі 2 есе өсті", - деді министрлік басшысы.

Сондай-ақ, ол аталған бағдарламаны іске асыру аясында ұстаздардың 94 пайызы жаңа жүйе бойынша кәсіби дамудан өткенін атап өтті. Ал, қараша айында 70 мың мұғалім тест тапсырады. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды