Алматыға қосылған аумақтарды дамытуға 3,3 млрд. теңге бөлінді

15 Маусым, 2014 15:09
Алматыда қалалық Мәслихаттың XVIII сессиясы болып өтіп, онда қаланың 2014 жылғы бюджеті нақтыланды. Бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің жалпы сомасы 12,1 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Осылайша, Алматы қаласының 2014 жылғы бюджеті 425,5 млрд. теңгені құрайды, қаланың нақты бюджеті - 354,8 млрд. теңге.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов өз сөзінде 2013 жылмен салыстырғанда бюджеттің 16%-ға өскенін және қала тарихындағы ең жоғары екендігін айтты, деп қала әкімдігінің ресми порталында хабарлады.

«Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес Алматы аумағы 23,2 мың гектарға өсті. Бюджеті нақтылау аясында біз қала аумағына қосылған жерлердегі инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандарды дамыту үшін 3,3 млрд. теңге бөліп отырмыз. Бұл жерлер Алматыға жаңа мүмкіндіктер береді. Біз бас жоспарды, коммуникация мен жолдарды жобалауға барынша кешенді келуге тиіспіз», - деді Ахметжан Есімов.

Бөлінген 3,3 млрд. теңге топографиялық көріністер мен геодезиялық жұмыстарды жүргізуге, жолдарды жөндеуге, аумақтарды тазалауға, сонымен қатар денсаулық сақтау мен білім обьектілерінің жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын болады.

 

Барлық жаңалықтар