Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы Бурабайда басталды

12 Маусым, 2014 11:13
Бурабайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 27-ші отырысы басталды.

Кезекті отырыста елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау шаралары, сондай-ақ индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде инвестициялау және технологиялар трансферті мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.

Негізгі баяндамашылар ретінде қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев және шетелдік тараптан Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Сэр Сума Чакрабарти, сонымен бірге бірқатар шетелдік компаниялардың басшылары сөз сөйлейді деп көзделген. 

Кеңес 1998 жылы шетелдік инвесторлардың елдегі инвестициялық қызметіне байланысты проблемалық мәселелерді және Қазақстандағы инвестициялық ахуалды тиімді шешу, ҚР Үкіметі мен шетелдік инвесторлардың арасындағы тікелей диалогты қамтамасыз ету үшін құрылды.

Шетелдік инвесторлар кеңесі – Қазақстан Республикасы Президентінің төрағалығымен өтетін конкультациялық-кеңесші орган.

Кеңестің басты міндеті инвестициялық саясат пен елдің экономикалық дамуы аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстар жасау болып табылады. 

Барлық жаңалықтар