Павлодардың қоғамдық көліктеріне электронды төлем жүйесі енеді

12 Маусым, 2014 10:44
«Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша «Павлодар» ӘӘК ҰК» АҚ «SMART CARD SYSTEM» компаниясымен бірлесіп қоғамдық көліктерде жолақы төлеудің электронды жүйесінің жобасын әзірлеген.

Бұл жобаға жолаушылар тасымалының жалпы көлемінің үштен екісіне қызмет көрсететін павлодарлық ірі тасымалдаушылар: «Трамвай басқармасы» АҚ (39%) пен «№1 автобус паркі» ЖШС (44,18%) қызығушылық танытып отырғанын атап өтуге болады, деп облыс әкімдігінде хабарлады.

«SMART CARD SYSTEM» ЖШС осы жобаға инвестиция құюды өз міндетіне алады. Бұл компания Павлодар қаласында жолаушылар көлігімен тасымалдауды есепке алу және жолақы төлеудің автоматтандырылған жүйесімен айналысатын жеке мекеме құрады.

Сонымен қатар, инвестор алдағы уақытта электронды төлем жүйесіне көшу туралы Павлодар халқын ақпараттандырумен жолақы төлем карталарын дайындау, шығару және сатып іске асыруды өз мойнына алады (әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар үшін жеңілдіктерді сақтау тетіктері әзірленеді).

Төлем карталарын сатып өткізу үшін облыс орталығында 200 сату орны ашылады. Бастапқы кезде валидаторлар трамвайларда одан кейін автобустарда орнатылады.

Электронды жолақы төлемі тасымалдаушылар табысы ашықтығына жол ашады. Сонымен қатар, нақты уақытта көлік қозғалысының барлық маршруттарына бір оператордың бақылау жасауына мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесін бұзбай, уақытымен жүруін бақылауға да зор мүмкіндік береді.

 

Барлық жаңалықтар