ЕАЭО бизнеске басымдық береді - Б.Жүнісов

11 Маусым, 2014 14:23
ЕАЭО бизнеске үлкен басымдықтарды береді, деп есептейді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, экономика факультетінің деканы Бауыржан Жүнісов.

«Еуразиялық экономикалық одақ бизнеске үлкен басымдықтарды береді - ол еңбек күшінің  еркін жүруі, мемлекеттік сатып алу жүйесіне рұқсат, тең бәсекелестік, зияткерлік меншік бойынша құқықты қорғау, кедендік баж салығының жоқтығы, жалпыға ортақ техникалық реттеу регламенті», - деп Б. Жүнісов ағынан жарылды. 

Сонымен қатар ол ЕАЭО қатысу Қазақстанға тұрақты дамуды қамтамасыз етеді, деп атап өтті.

«Экономист ретінде айтарым бұл одақ Қазақстанға тиімді болмақ. Мәселен, Кедендік одақ аясында Қазақстанның одаққа мүше мемлекеттермен сыртқы тауар айналымы өсіп келеді емес пе? Демек, Қазақстанның ЕАЭО қатысуы біздің ұлттық мүддеміздің талаптарына сай келеді. Ол өз кезегінде кәсіпорындардың кеңеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық тауар өндірушілерге қосымша нарықпен қамтамасыз етуге, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді», - деп есептейді Б.Жүнісов.

«Бастысы ол еліміздің ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты етеді. Ал, осындай әлемдегі  жаһандық қаржылай және экономикалық тұрақсыздық жағдайында бұл ауадай қажет. Айта кетерлік жайт, ол Қазақстанның табысты дамуына негіз бола алады», -  деді сөз соңында профессор.

Барлық жаңалықтар