• Басты
  • Жаңалықтар
  • ЕАЭО - Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдындағы үлкен емтихан-Б. Жүнісов

ЕАЭО - Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдындағы үлкен емтихан-Б. Жүнісов

6 Маусым, 2014 14:26
Еуразиялық экономикалық одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдындағы үлкен емтихан сынды. Сондықтан өз мүмкіндіктерімізді барынша пайдалануымыз керек, деп Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика факультетінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессоры Бауыржан Жүнісов мәлімдеді.

«Әрбір ел алдымен өз экономикасының дамуын көздейді. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Еуразиялық одақ идеясын көтерген болатын. Оны кезінде көпшілігі түсінбеді. Дегенмен, жиырма жыл ішінде аталған идея өміршеңдігін дәлелдеп, жүзеге асырылды. Елбасының бұл саясатының негізгі мақсаты - еліміздің экономикасын дамыту, халқымыздың әл-ауқатын арттыру болатын», - деді Б. Жүнісов.

Ол атап өткендей, «2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап біртұтас экономикалық кеңістік құрылды, бұл Кеден одағының екінші кезеңінің жүзеге асырылуы. Ал Еуразиялық одаққа кіру - үшінші кезең. Бұл одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдындағы үлкен емтихан сынды. Сондықтан өз мүмкіндіктерімізді барынша пайдалануымыз керек».

«Ғылыми интеграция да жолға қойылып келеді. Енді біздің мамандарымыз, түлектеріміз, магистранттар, ғалымдар білім туралы құжаттарын нострификациялаусыз Кеден одағы елдерінде қызмет ете алатын болады. Қазіргі уақытта Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика факультеті Орынбор мемлекеттік оқу орындарымен тығыз жұмыс жасап отыр. 2009 жылдан бастап Қазан федералды университетімен де тығыз байланыс орнатты. Бұл тұрғыда студенттер алмасу, академиялық ұтқырлық сынды бағдарламалар жүзеге асырылады», - деді ол.

Елімізде білім саласында көптеген реформалар жасалуда. Оқу орындары шетелдік аккредитациялардан өткізіліп жатыр. Осының өзі білім сапасының артып, бәсекелестік қабілетінің жоғарылауына септігін тигізеді. Осы тұрғыда біздің болашақ мамандар ТМД елдерінде кәсіби деңгейі жоғары мамандар ретінде сұранысқа ие болады деп сенемін, деді ол.    

 

Барлық жаңалықтар