• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматы Азиядағы ірі он қаржы орталығының қатарына енуі керек – Қ.Келімбетов (Брифинг бейнебаяны)

Алматы Азиядағы ірі он қаржы орталығының қатарына енуі керек – Қ.Келімбетов (Брифинг бейнебаяны)

2 Маусым, 2014 13:11
Ұлттық банк Алматының Азиядағы ең ірі он қаржы орталығының қатарына ену міндеттемесін алға қойып отыр, деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

«Қаржы орталықтарының бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексі бар. Олардың саны бүгінгі таңда 82-ні құрайды. Алматы қаласы аталмыш тізімде Мәскеу мен Варшаваны артқа тастап 58-інші орында тұр. Ал Азия бойынша бұл көрсеткіш бүгінде 13-інші орында. Ұлттық банк Алматының Азиядағы ең ірі он қаржы орталығының қатарына ену міндеттемесін алға қойып отыр», - дейді Келімбетов.   

Бас банкирдің айтуынша, Астана экономикалық форумы аясында Үкімет Ислам даму банкімен 2 млрд долларға дейін инвестицияны тарту туралы келісімге келді.

«Осы келісім бойынша Ұлттық банктің Ислам даму банкімен кездесуі өтті. Онда біз Алматы қаласының Орта Азиядағы Ислам даму банкінің өңірлік хабына айналдыру туралы келісімге келдік. Сонымен қатар, салықтың және заңдық мәселелер бойынша заңнамаға өзгерістер дайындауға арналған арнайы грант тағайындайтын болып шештік», - дейді ол.

Айта кету керек, бүгін Үкімет отырысында Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту мәселесі түбегейлі қарастырылып, 2020 жылға дейінгі Алматы қаласының қаржы орталығын дамыту тұжырымдамасын қайта қарау мен оны биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдау туралы шешім қабылданды.

«2020 жылға дейінгі Алматы қаласының қаржы орталығын дамыту тұжырымдамасында инфрақұрылымды дамыту мен кәсіпкрлік ортаны жақсарту, инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды», - дейді Қ.Келімбетов. 

Камила Амирова

Барлық жаңалықтар