• Басты
  • ҰКП мамандарды шетелде машықтандыру бағдарламасын жүзеге асырады

ҰКП мамандарды шетелде машықтандыру бағдарламасын жүзеге асырады

15 Мамыр, 2014 19:12
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының әкімгерімен бірлесіп қазақстандық мамандарды шетелде машықтандыру бағдарламасына қатыстыру шарттарын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, дөңгелек үстел аймақтық бейнеконференция форматында өтті, оның жұмысына өңірлік кәсіпкерлер палаталарының, салалық қауымдастықтардың және ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызметкерлері дөңгелек үстел қатысушыларына арнап Орталықтың қызметі, АҚШ, Германия, Швеция, Израиль және басқа да елдердің салалық кәсіпорындары мен жетекші Жоғары оқу орындары базасында кәсіби машықтандырудан өту мүмкіндіктерін, конкурстық процедура және 2014 жылға іріктеу критерийлері туралы таныстырып көрсетті.

Қазақстан кәсіпорындарындағы қызметтегі мамандар үшін шетелде машықтандыру бағдарламасын жасауды ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті бастамалаған болатын және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірлесіп жүзеге асырылуда. Қазірде жоба аясында экономиканың басым салалары бойынша машықтандыруды ұйымдастыру жүріп жатыр, олар: энергетика, құрылыс, медиасала, медицина, ауыл шаруашылығы және т.б.

Жобаға кімдер қатыса алады: бұл жалпы еңбек өтілі кем дегенде үш жыл, соның ішінде инженерлік-техникалық жұмыскер және кәсіпорынның орта буындағы маманы – инженер, цех бастықтары, шеберлер ретіндегі өтілі кем дегенде бір жыл болатын, ағылшын және мемлекеттік тілге қатысты біліміне тесттен өткен мамандар болуға тиіс. Осы өлшемдерге сәйкес келетін кәсіпқойлар конкурстың іріктеу турына қатыса алады.

Конкурстың барлық турларының нәтижелерін негізге ала отырып республикалық комиссия «Боалшақ» стипендиясын беру туралы ақтық шешімін қабылдайды, онда «Болашақ» стипендиясы есебінен шетелдік жоғары оқу орындарының және шетелдік ұйымдардың талаптарына сәйкес тілдік курстардан өту қажеттігі көрсетіледі.

Барлық жаңалықтар