Денсаулық сақтау министрлігі 2012 жылы шетелде 20 мыңға жуық маманды оқытты

26 Желтоқсан, 2012 00:00
Ағымдағы жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 20 мыңға жуық маманның шетелде өз біліктіліктерін көтеруін қаржыландырды. Бұл жөнінде бүгінгі өткен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР ДМ ғылым және адам ресурстары департаментінің басшысы Мұрат Телеуов мәлімдеді.

«Ағымдағы жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қаражаты есебінен 20 мыңға жуық маман біліктілігін көтерді. Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап емделген жағдайлардың құны құрылымында стационарлық қызметтің 15 мың маманының жыл сайынғы оқуы қарастырылған», – деді М.Телеуов. 

Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының 14 мыңнан астам маманының оқуына қаражат бөлінді. Шетелде 292 маман оқытылды. Республикада шетелдік жетекші дәрігерлерді тарту арқылы 74 мастер- класс өткізіліп, оларда 1500-ден астам маман оқытылды. 

Мемлекет басшысының Ұлттық біліктілік жүйесін құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Астана, Алматы қалаларында медициналық ЖОО, колледждердің түлектері және тәжірибеден өтіп жатқан денсаулық сақтау қызметкерлерінің білімі мен қабілеттерін тәуелсіз бағалайтын институт құрылды. 

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету үшін мамандарды дайындау бойынша мемлекетік тапсырыс 5 мыңға көбейді. Жыл сайын 4 мыңға жуық маман дайындалады. 

Денсаулық сақтау саласының басты міндеті ретінде орта медициналық қызметкерлердің рөлі мен мәртебесін арттыру жоспарлануда. Кадрлар даярлаудың жаңа принциптері дайындалып, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жұмыстарының үйлестірілген кәсіби стандарттары жасалады. 

Сондай-ақ, ведомство Мемлекет Басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша жоспар дайындады. 

Барлық жаңалықтар