Сенат спикері Алматы облысының аграрийлерімен кездесті

5 Сәуір, 2013 00:00
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Алматы облысындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болды. Бұл туралы ҚР Парламенті Жоғарғы палатасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Спикер институт ғалымдарымен және ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілермен кездесті. Шара парламентшілердің еліміздің аймақтарына дәстүрлі сапары аясында өтті.

Кездесуде агроөнеркәсіп саласын дамытудың маңызды мәселелері, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру және инновациялық жаңалықтарды енгізу жайы талқыланды.

Қ.Мәми заң шығару қызметінің қазіргі кезеңдегі басымдықтары туралы әңгімелеп, «Қазақстан-2050» Стратегиясын заңнамалық тұрғыда қолдау шараларына жан-жақты тоқталды. «Қазақстан Парламенті алдын ала ұзақ жылдарға бағдарланған сапалы заңдар қабылдауды көздейді және заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі өз жұмысын алдағы уақытта да күшейте түседі», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.  

Кездесуде сондай-ақ басқаруды орталықсыздандыру, еліміздің аймақтарын, әсіресе ауылдық жерлерді дамытудың әлеуметтік-экономикалық аспектілері туралы сөз болды.

Шараға Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, сенаторлар Лаззат Тұрлашов, Нұрлан Сүлейменов, Мәжіліс депутаттары Әлихан Тойбаев және Николай Логутов қатысты.

Ғылыми-зерттеу институтында болған кезде парламентшілер ауыл шаруашылығы саласының өнімдерінің көрмесін аралады. Ғалымдар өздерінің жаңалықтары және ізденістерімен таныстырып, сұрыптау ісіндегі табыстары бойынша зияткерлік меншіктері туралы әңгімеледі.

Барлық жаңалықтар