ІІМ-де Қазақстан-Мажарстан комиссиясының отырысы өтті

14 Мамыр, 2014 12:48
Қазақстан Республикасы ІІМ-де Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі заттары мен психотропты құралдардың заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша қазақстандық-мажарстандық ынтымақтастық комиссиясының екінші отырысы болып өтті.

Күн тәртібінде іздестіру жұмыстары, ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасына, киберқылмыстарға, экстремизм, есірткі заттары мен психотропты құралдардың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі және болашағы мәселелері, қоғамдық тәртіпті күзету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті өтеуді ұйымдастырудың ерекшеліктері, сондай-ақ кадрлардың біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп ведомствода хабарлады.

Кездесу қатысушылары қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті күзету, есірткі заттарының заңсыз айналымына, экстремизм мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы қазақстандық-мажарстандық ынтымақтастықтың жай-күйі және болашағы туралы пікір алмасты. Кездесу өзара түсіністік пен конструктивті диалогқа құрылды.

Отырыс аяқталған соң мажарстандық делегация Ішкі істер министрлігінің Жедел-криминалистік департаментінде болып, молекулярлық-генетикалық, физикалық-химиялық зертханалармен, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесімен, далалық жердегі жұмыстардың техникалық-криминалистік жабдықталуымен танысты. Сондай-ақ ІІМ-нің Жедел басқару орталығын, министрлік мұражайын, сонымен бірге Астана қ. және Ақмола облысы ІІД нысандарын аралады.

Осы ретте Комиссияның бірінші отырысы 2005 жылы ақпан айында Будапешт қаласында өткенін атап өткен жөн. 

Барлық жаңалықтар