Қазақмыс жаңа кен орындарын іздеу үшін 20 млн доллар салуға әзір

13 Мамыр, 2014 17:33
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жаңа кен орындарын ашу үшін шамамен 20 млн доллар құюға дайын. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде компанияның басқарма төрағасы Эдуард Огай мәлімдеді.

«Біз бүгінде болашағы зор 15 алаңға өтініш беруге және жаңа кен орындарын ашу үшін шамамен 20 млн доллар құюға дайынбыз», - деді Э.Огай.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда корпорация Жезқазғанды барлау жұмыстарына шамамен 70 млн доллар жұмсаған. Бұл өз кезегінде мемлекетпен бірлесе отырып кешенді даму бағдарламасын құруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Э.Огайдың мәліметінше, алдағы 20 жылда Жезқазған алаңсыз жұмыс істей беретін болады.

«Бүгінде әлемде түрлі деңгейдегі 50 мыңдай кен игеру компаниялары жұмыс істеуде. Осы тұрғыдан мен Қазақстанның әлі де әлеуетінің зор екенін айта аламын», - дейді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақмыс елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ауқымды үлес қосып келе жатқан ірі қазақстандық компаниялардың бірі. Елдің экономикасына салып жатқан қаржысынан бөлек компания корпоративті жауапкершілік бағдарламаларын белсенді іске асырып, жұмыскерлер мен оның жақындарына айтарлықтай қамқорлық танытуда. 

Мадина Нұрбекова 

Барлық жаңалықтар