Қостанайда нұротандықтар білім беру нысандарына рейд жүргізді

13 Мамыр, 2014 12:46
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері «Кедергісіз келешек» жобасы аясында білім беру нысандарының мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жүріп-тұруға қолайлылығын тексеру үшін рейд ұйымдастырды.

Партиялықтар алдымен Қостанай қаласындағы №14 негізгі мектепке барды.  Аталмыш білім ордасы жарты ғасырдан астам уақыттан бері білім беріп келе жатқан көне мектеп саналады.Рейдке қатысушылар мектепте пандус, ыңғайлы шығар есіктің бар-жоғын тексеріп, мүгедек балаларды оқыту жағдайларымен танысты, деп «Нұр Отан» партиясының ресми порталы хабарлады.

Мектеп директоры Владимир Михайленконың айтуынша, мұндай оқушылардың саны 10, олардың 8-і үйлерінде оқытылады екен.

«Мектептің шығар есігін қайта жасау және 2017 жылы кезек бойынша күрделі жөндеу жоспарланған. Дегенмен жөндеуді мерзімінен бұрын 2015 жылы жасаймыз деп сенемін», – деді мектеп директоры.

Мұнан соң партиялықтар аталмыш мектептің 3 сыныбына оқитын мүгедек-оқушы Жанель Жалмұхамедованың үйіне бас сұқты. Жанель осымен үшінші жыл оқуын үйде оқып жатқан көрінеді.Өз кезегінде Жанельдің анасы Светлана Жалмұхамедова қызының білім алуы үшін жақсы жағдай жасалғанын айтты.

Айта кетейік, рейдті ұйымдастырушылар «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасында кедергісіз білім беру жағдайлары қарастырылған мектептердің үлесі 2017 жылға қарай республикадағы жалпы мектептер санының 30 пайызын құрайтынын атап өтті.



 

Барлық жаңалықтар