Қызылорда облысының әкімі соғыс ардагерлерімен кездесті

7 Мамыр, 2014 12:34
Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрда 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 69 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Қос бірдей мерекемен облыс әкімі Қ.Көшербаев Сыр жұртшылығын құттықтады.

Биыл Жеңістің 69-ыншы көктемі. Бейбітшілік үшін майдан даласында мерт болған жауынгерлерді облыс халқы еске алып, бүгінде көзі тірі майдангерлерге  құрмет көрсетті.

«Елбасы сыртқы және ішкі саясатты жүйелі жүргізіп отыр. Яғни, халықтың бейбіт өмір сүруін басты мақсат еткен. Қазір қазақстандық әскер елдің амандығын күндіз-түні күзетуде. Осы Тәуелсіздік үшін кеудесін оққа тосқан майдангерлерге құрметіміз шексіз. Отан үшін отқа түскеннен артық ерлік жоқ. Жеңіс мереке құтты болсын, әрбір шаңырақта шаттық болсын», - деп аймақ басшысы Қ.Көшербаев жылы лебізін білдірді. 

Сонымен қатар,  өңір басшысы әскери қызметкерлерді құрмет грамотасымен және ҚР Қорғаныс істері министрінің алғыс хаты және медальдарымен марапаттады.

Бейнекөрініс арқылы қан майданда елі үшін ерлік еткендердің суреттері көрсетіліп, майдангерлердің атқарған қызметтері айтылды.

Айта кетерлік жайт, салтанатты шарада Абай атындағы Алматы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері өнер көрсетіп, патриоттық, жеңіс туралы әндер шырқады. 

Барлық жаңалықтар