• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алғашқы қазақстандық «NOMADS» браузерлік ойыны өзбек және қырғыз тілдеріне аударылады

Алғашқы қазақстандық «NOMADS» браузерлік ойыны өзбек және қырғыз тілдеріне аударылады

6 Мамыр, 2014 12:43
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде алғашқы қазақстандық «NOMADS» браузерлік ойынын таныстыру барысында KazBussinesMedia қоғамдық қорының төрағасы Асқар Омаров алдағы уақытта ойынды қырғыз және өзбек тілдеріне аудару жоспарланып отырғанын айтты.

«Алдағы уақытта ойыншылардың аудиториясын ТМБ елдері ішінде кеңейте  түсу жоспарланған. Болашақта қырғыз және өзбек тілдеріндегі нұсқасын дайындай отырып Орта Азияның ғаламтор кеңістігіне шығатын боламыз», - дейді А.Омаров.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қазірден бастап ойынға башқұрт ойыншылары да қызығушылық танытып отыр.

«Бұл ойынның образы тек қазақ халқына ғана емес, жалпы түркі жұртына ортақ. Сондай-ақ бұл ойынды жалпы еуразиялық сипатта да тануға болады. Біз ойынды ілгерілету үшін Вконтакте мен Facebook әлеуметтік желілерінде топ аштық. Қазірде көптеген ұсыныстар келіп түсуде. Башқұрттар да бұл ойынды ана тілдеріне аударып беруді сұрап отыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, бұрынғы кездері халықтар арасындағы интеграция барынша жақын болғандықтан бұл ойынның образы Еуразия халықтарының көпшілігіне ортақ.

Айта кету керек, ойын қазақ және орыс тілінде шықты. Кейінірек бұған ағылшын тіліндегі нұсқа  да қосылмақ.

«Бүгінде «NOMADS» браузерде қолжетімді. Алайда Android пен iOS үшін баламалы қосымшаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы мақсатты аудитория қазақстандық қолданушылар», - дейді Ә.Оспанов. 

Мадина Нұрбекова

Барлық жаңалықтар