• Басты
  • Алматыда жұмыс берушілерге арналған мүгедектерді жұмысқа орналастыру жаднамасы шығарылды

Алматыда жұмыс берушілерге арналған мүгедектерді жұмысқа орналастыру жаднамасы шығарылды

5 Мамыр, 2014 15:42
Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге арнап «Мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс берушілерге арналған жаднама» кітапшаларын даярлады.

Жаднама жұмыс берушілер және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған, жұмыс тәртібі туралы, еңбек шарттарын жасасу және бұзу туралы, демалыс туралы, зейнетақы аударымдары туралы ақпараттан тұрады, деп Palata.kz хабарлайды.

Сонымен қатар онда салық жеңілдіктері және мүгедектерге қатысты заңнаманы бұзғаны үшін санкциялар туралы ақпарат қарастырылған.

Басылым авторларының айтуынша, шығарылымның алғашқы даналары ШОБ субъектілеріне жақын арада жеткізілмекші. Оларды Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасында өтетін кездесуде таратып береді. Сондай-ақ Жаднама Еңбекпен қамту орталықтарына таратылады, ал шығарылымның бір бөлігі салалық қауымдастықтарға жөнелтілетін болады.

Алматы қ. КП директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Идрисова атап өткендей, бұл кітапша қатып қалған стереотиптерді бұзуға қажет.

«Бизнесмендер мүгедектерді жұмысқа алу олардың компаниясы үшін тиімсіз деп ойлайды. Бірақ мамандығы сай келіп жатса, мүгедекті жұмысқа алу, біріншіден, игі іс, екіншіден, компания үшін пайдалы. Себебі жаднамада айтылып кеткен артықшылықтар бар. Ол бір кітапша болып қазақ және орыс тілдерінде шығарылды. Біз оларды сессия, конференция, жұмыс отырыстары мен дөңгелек үстелдерде кәсіпкерлерімізге тарататын боламыз. Біздің тарапымыздан бұл – кәсіпкерлер үшін білім тарату.  Себебі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі барлығына бірдей», - деді Светлана Идирисова.

Айта кетерлік жайт, «Мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс берушілерге арналған жаднаманы» Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасы мүгедектердің «Намыс» Қоғамдық бірлестігі және Алматы қ. әкімшілігімен бірлесе отырып шығарған.

Бұл жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өмірдің кедергісіз аумағын қамтамасыз ету және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру аясында болды.

Барлық жаңалықтар