Е. Досаев ЮНИДО бас директорымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

4 Мамыр, 2014 09:26
ҚР Бюджеттік жоспарлау және экономика министрі Ерболат Досаев ЮНИДО (Unіted Natіons Іndustrіal Develorment Organіsatіon, Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы ) бас директоры Юн Ли мырзамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өзара іс-қимылмен ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.

Ерболат Досаев мойындалған тәуелсіз есептерге сәйкес біріздендірілген стандарттар  арқылы өндірістік дамушы елдердің сауда әлеуетін арттыруда техникалық көмек көрсету саласында ЮНИДО-ның әлемдік көшбасшы екенін атап өтті.

 «Қазақстанның ЮНИДО-ға қосылған уақытынан бастап, шағын және орта бизнес саласында бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Қазақстан өнеркәсіптік статистика, өнеркәсіптік интеграция және өнеркәсіптің қоршаған ортаға жағымсыз салдарын жеңілдету сияқты мәселелерді қамтитын ЮНИДО-ның бірнеше аймақтық жобаларына қатысты»,- деп түсіндірді Е.Досаев.

Cондай-ақ министр, Қазақстанның аталған ұйыммен ынтымақтастығын жоғары бағалайтынын айта келіп, қазіргі уақытта өнеркәсіптің Қазақстан экономикасының 3/1 бөлігін қамтитынын тілге тиек етті.

«Қазақстан экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін  арттыру арқылы тұрақты әрі теңдестірілген экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатын қойып отыр. 2050-ші жылға қарай Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздеуде. Осы ретте Қазақстан үшін ЮНИДО-ның сарапшылық әлеуетін тарту, оның әдістемелерін, техникалық білімін пайдалану маңызды»,-деп Е.Досаев атап өтті.

Өз кезегінде Юн Ли ЮНИДО Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын және осы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтты. Бас директор сондай-ақ Республикада жүргізіп жатқан экономиканы әртараптандыру жұмысына баса назар аударып, бұл табысты тәжірибенің басқа елдер үшін де пайдалы болатынын атап өтті.

Барлық жаңалықтар