• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2015 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,4 пайыздық көрсеткішке жетеді- Т. Накао

2015 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,4 пайыздық көрсеткішке жетеді- Т. Накао

2 Мамыр, 2014 12:23
2015 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,4 пайыздық көрсеткішке жетеді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Азия Даму банкінің жыл сайынғы 47-інші отырысының баспасөз брифингінде АДБ президенті Такехико Накао мәлімдеді.

«Жоспар бойынша, Қазақстан экономикасының өсімі 2014 жылы 6 пайызды, ал 2015 жылы 6,4 пайызды құрамақ. Таңертеңгі өткен халықаралық инвестициялық конференциядан байқағанымыз, Қазақстанның мүмкіндіктерінің зор екені белгілі және ол алдағы уақытта да өсе беретін болады», - дейді Т.Накао.

Оның айтуынша, Қазақстан Орта Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) бағдарламасының беделді қатысушысы болып табылады. Қазақстан Батыс пен Шығыстың сауда айналымында айтарлықтай үлкен рөлге ие.

«Біздің жыл сайынғы отырысымыздың биылғы тақырыбының «Жібек жолы: Азияның өзгеріп жатқан әлеммен байланысы» болып аталуы да тегін емес. Қазақстанның стратегиялық орналасуы мен оның Орта Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына қатысуын ескерсек, Қазақстан аталмыш маңызды шараның басты фигурантына айналады. Алдағы уақытта да бұл ынтымақтастықтың қарқын алып, арадағы байланыстың нығаюын тағатсыздана күтеміз», - дейді банк президенті.

Т.Накаоның сөзіне сүйенсек, биылғы отырыс Азия-Тынық мұхиты өңірі бетпе-бет келіп жатқан қатерлерді Қазақстан мен банк басшылығының егжей-тегжейлі талқылауына мүмкіндік бермек. 

Бауыржан Мұқанов 

Барлық жаңалықтар