ШОБ-ті дамытуға 1 трлн теңге бөлінді - Ә.Исекешев

2 Мамыр, 2014 10:01
Үкімет тарапынан биылғы жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаражат ел бюджетіндегі ШОБ үлесін 50 пайызға дейн жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан жыл сайынғы 74-інші Азия Даму банкі басқарушылар кеңесінің отырысында Премьер Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен біздің елде биылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін Үкімет тарапынан жан-жақты шаралар кешені қолға алынуда. Соның ішінде әкімшілік кедергілерді жою, жергілікті бюджеттен субсидия бөлумен қатар Ұлттық қордан кәсіпкерлікті дамыту үшін 1 трлн теңге бөлінді», - деді Ә.Исекешев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекет бюджетіндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 18 пайызды құрайды. Үкімет тарапынан бөлінген оыснау қаражаттың есебінен бұл көрсеткіш алдағы уақытта 50 пайызға дейін көтерілмек.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 1 млн-ға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеуде. Мұнда қазақстандықтардың шамамен 3 млн-ы жұмыспен қамтылған. Әсет Исекешевтің айтуынша, болашақта Қазақстанда ШОБ субъектілері саны артып, ондағы жұмыс орындары да көбейе түспек.

Сонымен қатар,  Әсет Исекешев елімізде қашанда кәсіпкерлік ашуға мүдделі тұлғалар  қолдауға ие болатынын тілге тиек етті.

«Біз өндіріс орындарын ашуға мүдделі тұлғалардың бастамасына әрқашан қолдау көрсетеміз, соның ішінде еліміздің басымдылық беретін саласы индустрияландыру арқылы шағын және орта кәсіпкерліктерге бағыт-бағдар беру», - дейді ол.

 Бауыржан Мұқанов

Барлық жаңалықтар