Қызылорда әуежайында халықаралық жолаушылар терминалы орнатылады

21 Сәуір, 2014 09:45
19 сәуір күні Астана қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қызылорда облысының әкімдігімен Қызылорда қаласының әуежайында халықаралық жолаушылар терминалын салу жөнінде меморандумға қол қойды.

Келіссөздің нәтижесінде жобаның   70 пайызын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы және 30 пайызын «Байқоңыр» ӘКК»  қаржыландыратын болды. Көп ұзамай Қызылордада бір мезетте 250 жолаушыны қабылдай алатын халықаралық жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталады, деп облыс әкімдігінде хабарлады.

Келісімге қол қою кезінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан темір жолы» ҰК басшылығына Қызылорда облысында қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан жобалар үшін алғысын білдірді. Жезқазған-Бейнеу темір жолы құрылысының өзі өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен септігін тигізеді. «ҚТЖ» ҰҚ АҚ басшылығы Жезқазған-Бейнеу темір жолы жыл соңында іске қосылатынын да атап өтті.

«ҚТЖ» Президенті Асқар Мамин өз кезегінде облыс басшылығына Ұлттық компания құрылыстың уақытылы әрі сапалы салынуын, қол қойылған меморандум аясындағы міндеттерін толық орындайтындығын жеткізді.

Аймақ тұрғындары мен қонақтар алыс және жақын шет мемлекеттерге Алматы, Астана қалаларының әуежайлары арқылы ұшуда. Бүгін қол қойылған меморандум арқылы осы мәселе шешімін табатын болды.

 

Барлық жаңалықтар