• Басты
  • Мемлекет басшысы Алматыдағы Әулие Вознесен кафедральды соборына барды

Мемлекет басшысы Алматыдағы Әулие Вознесен кафедральды соборына барды

20 Сәуір, 2014 16:00
Шіркеуді аралау барысында Мемлекет басшысы діндарлар қауымы алдында сөз сөйлеп, оларды Пасха мерекесімен құттықтады, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Биылғы мереке православтар мен католиктердің оны бір күнде атап өтуімен ерекше. Бұл – барша қазақстандықтар үшін ортақ мереке, өйткені елімізде барлық діннің теңдігі қамтамасыз етілген. Біздің халқымыз Пасха мен Рождествоны, Наурыз бен Құрбан айтты бірге атап өтеді, бұл бүгінде дәстүрге айналды. Діндердің өзгешелігі барша Қазақстан халқын біріктіруші фактор болып саналады, көптің көңіліне сенімділік, тыныштық, татулық пен келісім ұялатады. Дәл осы арқылы біз елді дамытып, азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартып, балаларымызды өсіреміз және болашағымызға сеніммен қарай аламыз», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар толеранттылық пен бір-біріне деген өзара сыйластықты қылаусыз сақтауы тиіс екенін атап өтті.

«Пасханы мерекелеу үлкен үмітпен ұштас. Мен біздің ортақ үмітіміз баршамыздың алаңсыз еңбек етіп, балаларды тәрбиелей алуымыз үшін елімізде бәрінің тұрақты болуына саяды деп ойлаймын», – деді Қазақстан Президенті.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы христиандарға және барша Қазақстан халқына мол игілік, зор денсаулық, әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.

Өз кезегінде Астана және Қазақстан Митрополиті Александр соборға келіп, православие христиандарын Пасхамен құттықтағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. 

«Сіз даналықпен айтқандай, бұл – барша қазақстандықтардың мерекесі, өйткені Сіз бірлік, татулық және келісім саясатын жүргізіп келесіз. Қазақстан тұрғындары Сіздің бүкіл халықтың игілігі үшін еткен еңбегіңізді өте жоғары бағалайды», – деді Митрополит.

Дәстүр бойынша Митрополит Мемлекет басшысына пасха мерекесіне арнайы әзірленген жұмыртқаны ұсынды.       

 

 

Барлық жаңалықтар