• Басты
  • Жаңалықтар
  • Үкіметте «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды

Үкіметте «Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды

18 Сәуір, 2014 09:20
Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық режимде кеңес өткізді. Онда үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы мәселесі қаралды.

Сондай-ақ кеңеске қатысушылар өңірлерде көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру мен өткізу, ағымдағы су тасқыны мен әлеуметтік маңызды тамақ өнімдері бағаларының тұрақтылығы мәселелерін талқылады. Кеңеске орталық мемлекеттік органдар, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімшіліктерінің басшылары қатысты, деп ҚР Премьер-Министрдің ресми порталы хабарлады.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев баяндады. Оның айтуынша, қаңтар-наурыз айларында (барлық қаржы көздерінен) тұрғын үй құрылысына 110 млрд. теңге немесе былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 123 пайыз қаржы бағытталды. Пайдалануға 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй берілсе, ол өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткішке қатысты 111 пайызды құрады.

Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары М.Әбілқасымова хабарлама жасады. Ол келтірген алдын-ала дерек бойынша, осы жылғы қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ өсімі 2,9 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің алдында 2014 жылы экономика өсімін тұрақты 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндеті тұр. 

ТЖ министрі В.Божко сендіргендей, елімізде су тасқыны жағдайы тұрақты. Барлық су қоймаларына су жобалық деңгейде түсіп отыр. Судың арнасынан асу қауіпінің алдын алу үшін суды жіберу жүзеге асырылуда, ол өз кезегінде өзен сағаларын тазартып, экологияны жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,8 млн. га аумаққа егу көзделіп отыр. Ол 2013 жылмен салыстырғанда 313 мың. га немесе 1,5 пайызға артық, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков.

Көктемгі егіс өткен жылғы деңгейде - 19 млн. га сақталады. Дәнді дақылдар - 15,9 млн. га, оның ішінде бидай- 12,8 млн. га бұл алқаптың 2013 жылғы деңгейден 311,3 мың га қысқартылған жағдайда пайдаланылады. Майлы дақылдарды- 2 млн. га, қант қызылшасын - 11,5 мың га, мақта-133 мың га, көкөніс - бақша өнімдері-220,7 мың га, картоп - 189 мың га, жемазықтық дақылдар - 3,4 млн. га жерге егіледі деп жоспарлануда.

«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын орындауға қаржы толық көлемде бөлінді. Облыстар әкімдері бұл мәселені айрықша бақылауға алуы керек. Игерілмеген қаржылар ол облыстан алынып, табысты игеріліп отырған өзге өңірлерге қайта бөлінетін болады»,- деп атап өтті Б.Сағынтаев.

«Бұл мәселелер бойынша селекторлық кеңес ай сайын өткізіліп тұрады. Біз әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды және Мемлекет басшысының тиісті барлық тапсырмаларын орындау барысын жедел режимде қадағалап отыратын боламыз»,-деп қортындылады ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Барлық жаңалықтар