Астанада арбада отырып би билеуден ҚР-ның республикалық чемпионаты өтті

15 Сәуір, 2014 10:30
Астанада арбада отырып би билеуден республикалық чемпионаты өтті.

Денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарыс Қазіргі заман және спорттық билер бойынша IV Қазақстандық би олимпиадасы шеңберінде өтіп отыр, деп «Нұр Отан» партиясының ресми порталында хабарлады.

Би алаңында Атырау, Қарағанды, Тараз, Шымкент және Астана қалаларынан барлығы 39 спортшы өнер көрсетті. Олардың жас мөлшеріне шектеу қойылған жоқ.

Арбаға танылғандар арасындағы алғашқы чемпионат 2009 жылы Қостанайда, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында өткізілген болатын.

«Бүгінде спорттың осы түрі даму үстінде. Біздің бишілер елімізді халықаралық деңгейде танытса екен деген тілегіміз бар. Болашақта өз алдына бөлек арбамен би билеу федерациясын құруды жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Мүгедектер конфедерациясысының төрағасы Жанат Омарбекова.

Қазіргі заман және спорттық би федерациясы бүгінгі жарыстардың бас ұйымдастырушысы болып отыр. Ал шараға Қазақстанның мүгедектер конфедерациясы және «Кедергісіз  келешек» жобасы шеңберінде «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсетті.

«Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді әлеуметтік өмірге тарту. Бүкіл еліміз бойынша мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі кең көлемді бағдарлама іске қосылды,  жылдың соңына дейін бос жұмыс орындарының 450 тарта жәрмеңкесі өтеді. 6 мыңнан астам адам өзіне жұмыс табады деген болжамымыз бар. Ал бүгінгі өткізіліп отырған шара шындап келгенде мүгедек жандардың  мүмкіндігі шексіз екенін көрсетіп отыр», –  деп атап өтті партияның Орталық аппараты басшысы Әсел Жүнісова.

Жарыс бірнеше санатта өткізілді: Solo –мүгедектігі бар адамның жалғыз өнер көрсетуі, Duo   - мұнда жұптың екеуі де мүгедек жандар болса, Combi 1 және Combi 2 – бұл жұптарда мүгедектігі бар бишіге дені сау биші жұп болады.Классикалық спорттық бидегідей жарыс бағдарламасында  еуропалық, латын америкалық билермен қатар, вена вальсы, баяу фокстрот пен квикстеп секілді түрлері енгізілген.  Айтар кетерлігі сол, бишілердің көпшілігі бірнеше санат бойынша өнер көрсетті.

25-26 шілдеде Астанада  тұңғыш рет арбаға танылған мүгедектер арасындағы үлкен халықаралық жарыстарды өткізілетін болады. 
 

Барлық жаңалықтар