• Басты
  • Таразда «Партияның 50 тұлғасы» жобасының қатысушысы тегін дәріс беретін музыка мектебін ашты

Таразда «Партияның 50 тұлғасы» жобасының қатысушысы тегін дәріс беретін музыка мектебін ашты

10 Сәуір, 2014 12:45
«Партияның 50 тұлғасы» партиялық жобасының қатысушысы 23-жасар Светлана Бойко жетім балалар мен аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары үшін өзінің жеке музыка мектебін ашып отыр.

Ол музыканың көмегімен қазақ фольклорын, ұлттық ақындық дәстүр мен тілді насихаттауды мақсат етті, деп «Нұр Отанның» ресми порталы хабарлады.

Оңтүстікқазақстандық орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы «Армандар орындалады» деп аталатын міне осындай жобаны іске қосты.

«Күнделікті өмірімізді мағыналы ету үшін нендей  үлес қоса аламын деген ой мені жиі толғандыратын. Алайда ұзақ ойланбай, осы бағыттардың басын біріктіруді шештім. Маған балаларды түрлі саз аспаптарына және ән салуға үйрететін музыка студиясын ашу идеясы келді. Осылайша, мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениеті музыка мен әндер арқылы кеңінен таралатын болады», – деді Светлана Бойко. 

Светлана Бойконың айтуынша, оның бұл бастамасын «Мерей» вокалды ансамблінің негізін қалаушы Әріпбай Мұсапанов қолдапты. Бірлесе жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасағанда оқушылары талай республикалық байқауларды жеңімпаз атанып жүрген талантты әнші Ирина Мохначева бас тартпаған. Ал жеке кәсіпкердің бірі ғимаратты жөндеуге көмектесіпті. Міне, Светлана Бойко өз арманына осылайша қол жеткізген.

«Бұл менің өз арманымның орындалғаны демесем де, бірақ  өнермен шұғылдануға мүмкіндіктері болмай жүрген мыңдаған баланың  көкейіндегісіне ұқсас болуы мүмкін. Өнерлі балаларды біздің қала мен облыста көптеп кездестіруге болады. Балалар үйлері, талай отбасылар балаларының қабілетін шыңдауға қаражат таппай отырған жәйі бар. Ал, біз өз жобамызда дәл осындай балаларға баса назар аударып отырмыз», – деді жобаны ұйымдастырушы.

«Біз болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмаймыз, керісінше өміріміздің әр саласын жақсартуға тырысамыз. Немен шұғылдансақ та, халыққа пайдасы тиюі керек. Түрлі кәсіп, әлеуметтік орта, түрлі жастағы әрі әр ұлт өкілдері бірлессе, алда тұрған мақсаттарға жете алады. Жүрегім «Менің Қазақстаным», «менің жерім»,  «менің елім» деп соғып тұрғанда бұдан басқа мұраттың болуы мүмкін де емес», – деп атап өтті Светлана Бойко. 

Барлық жаңалықтар