АҚШ Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуін қолдайды – ҚОСРМ

1 Сәуір, 2014 17:40
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша көмекшісі Ниша Десаи Бисвалмен кездесуі өтті.

Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінде хабарлағандай, кездесу барысында екі елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара әрекеттесу аясын кеңейту перспективалары талқыланды. Н. Қаппаров еліміздегі жаһандық климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, трансшекаралық өзен суларын колдану мәселелерінен туындаған бірқатар экологиялық проблемаларын шешуге жағдай жасайтын Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасының іске асырылу барысы жөнінде мәлімдеді.

 Н. Қаппаров сондай-ақ технологияларға қол жеткізу, білім алмасу және инвестициялық жобаларды қаржылай колдау арқылы «жасыл» экономикалық өсуді қамтамасыз ететін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы жұмысының басталғаны туралы айтты. «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына бірқатар мемлекеттердің қосылғанын айта келе, министр Америка Құрама Штаттарын да қатысуға шақырды. 

Өз кезегінде Ниша Десаи Бисвал Америка Құрама Штаттарының Қазақстанның осы бастамаларын кұптап, белгіленген жоспарларды жүзеге асыруда жан-жақты колдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Нақты көмек ретінде қазақстандағы таулар мен мұздықтарды ғарыштық серіктер арқылы зерттеу және дистанциялық зондтық тексеру жүргізуде қолғабыс жасау ұсынылды.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар