М.Мұқанов: Қазақстандық бизнес инвесторлармен жұмыс істеп үйренуі керек

12 Наурыз, 2014 13:40
Қазақстандық бизнес инвесторлармен жұмыс істеп үйренгенде ғана инвестициялық тартымды болады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Экономиика және бюджетті жоспарлау министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеу институты» АҚ төрағасы Мақсат Мұқанов мәлімдеді.

«Әрине, объективті және субъективті себептер де жоқ емес. Тек субъективті нәрселерге барлық жағдай байланысты деп айтуға болмайды. Мүмкіндік беретін факторлар болған жағдайда ғана инвестиция келеді. Біріншіден, бұл нарық ауысымы. Бұл барынша мол инвестиция тарту үшін қажет. Екінші маңызды фактор – еңбек ресурсы. Қытай мен Оңтүстік шығыс Азия елдері арзан жұмыс күші арқылы барынша мол инвестиция тарта білді. Ал кей елдер сапалы және білікті мамандар арқылы инвестиция тартып отыр. Атап айтар болсақ олар – Сингапур мен Гонконг. Біз осылардан сабақ алуымыз керек», - дейді Мақсат Мұқанов.

Оның айтуынша, бастысы саяси тұрақтылыққа ие болу керек. Бұл Қазақстандағы инвестициялық тартымдылықты арттыратын басты фактор.

Үшінші фактор – ресурстың болуы. Бұл фактор бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде екінші орынға ие болса, әлемдік деңгейде үздік жиырмалыққа енеді.

«Қазір басты міндеттеме – құйылатын инвестицияны өңдеуші кәсіпкерлікке бағыттау. Бұл жерде инвесторлармен жұмыс істей білу секілді субъективті факторлар бар. Мемлекет тарапынан салық мәселесі мен инвестициялық преференция үшін қолайлы жағдай жасалған. Ерекше кедендік тәртіп бойынша арнайы аумақтар да құрылған. Бұл ең бастысы өңдеуші секторға аса пайдалы. Соңғы уақыттары бірқатар бастамалар қолға алынды: Үкімет басшысы орынбасары тарапынан инвестициялық омбудсмен енгізілді. Сонымен қатар инвестиция тарту бойынша арнайы агенттік «KAZNEX INVEST» құрылды», - дейді Мақсат Мұқанов.

Оның пікірінше, Қазақстанда инвестиция тарту үшін барлық жағдай қарастырылған. Алайда кәсіпкерліктің өзіне де көп нәрселер байланысты. Атап айтар болсақ олар инвесторлармен жұмыс істей білу, бизнес-жоспар құру мен өз жобаларын ілгерілету мәселелері.

Барлық жаңалықтар