ҚР-да 2014 жылы өндірістік өнім 2,7%-ға өседі деп күтілуде - Е.Досаев

11 Наурыз, 2014 10:15
Қазақстанда ағымдағы жылы өндірістік өнім 2,7%-ға өседі, деп Бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Өндірістік өнімнің көлемі 2,7%-ға өседі, бұл көрсеткішке алдын-ала болжанған тау-кен өндірісінің 1,6%-ға және өндеу өнеркәсібінің 4,0%-ға өсуі есебінен қол жеткізіледі. Ал, мұнай өндірісі баяғы болжам бойынша 83 млн. тонна деңгейінде қала береді», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, өсім деңгейі сонымен қатар ауылшаруашылығында да 3,9% көрсетіп, сақталады.

Сондай-ақ, тауар экспорты болжам бойынша 86,3 млрд. АҚШ долларын құрап, бұл өз кезегінде алдын-ала келісілген болжамнан 1,6 млрд. долларға артық.

Ал, тауар импорты 52,2 млрд. АҚШ долларды құрап, алдын-ала келісілген болжамнан 6,4 млрд. долларға төмен болады.

«Сонымен қатар, салалық экономика өсімі мен жоғары тұтынушылық белсенділік есебінен қызмет көрсету саласы жоғары қарқынмен дамиды деп күтілуде.  Жалпы, өсім алдын-ала келісімген болжам деңгейінде қалады: сауда - 11,8%, көлік - 7,0%, ақпарат және байланыс қызметі - 7% өседі», - деп ЭБЖМ басшысы атап өтті.

Жалпы, ағымдағы жылы Қазақстан экономикасының өсімінің негізгі факторы ішкі сұраныстың артуы және сыртқы экспорт үшін жағдайдың жақсаруы.

2014 жылы Е.Досаевтың мәліметі бойынша, әлем экономикасының өсімі 3,7% деңгейінде болады.

«Бұл өсімге дамыған мемлекеттердегі экономика өсімінің қалпына келуі есебінен қол жеткізіледі», - деп ол түсіндіріп өтті.

Барлық жаңалықтар