ҚР Президенті ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесті

6 Наурыз, 2014 17:38
ҚР Президенті Н. Назарбаев ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чен Гопинмен кездесті.

Ақордада хабарлағандай, кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың дамып келе жатқанын, біздің еліміз экономикалық және саяси серіктестіктің одан әрі жандануына мүдделі екенін атап өтті.   

Мемлекет басшысы ҚХР-ның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі қызметіне белсене қатысып келе жатқанына тоқталды, сондай-ақ 2014 жылы мамырда Шанхайда өтетін АӨСШК-нің алдағы саммитіне дайындықтың деңгейі жоғары екенін айтты.

Чен Гопин өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізді және Қазақстан Президентінің Қытайға алдағы мемлекеттік сапарына дайындық барысы туралы хабарлады.     

 

Барлық жаңалықтар