Сәуле Айтпаев: Бар берекенің бастауы - Ата Заңымыз

10 Қаңтар, 2017 12:30

«Менің жүрек қалауымен өзім таңдап алған прокуратура саласында еңбек еткеніме 30 жылдан астам уақыт болды. Свердловск заңтану университетін бітірген соң еңбек жолымды  елге оралып қарапайым тергеушіліктен бастадым. 1997 жылы Президенттің арнайы жарлығымен Бас прокуратура жанынан Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылғанда басшылықтың ұйғарымымен сонда ауыстым. Қазір осы мекеменің басшысымын.

Әрине, жұмыста басшы болып, одан кейін отбасыма барып ана болу оңай емес. Бұл ретте мен қызметтегі әріптестерімнің және үйдегі жұбайым мен балаларымның қолдауын, маған үнемі түсінушілікпен қарап, жәрдемдесуін аса ризашылықпен ауызға аламын. Менің мұндай дәрежеге жетуім ең алдымен Елбасымыз алға тартып отырған сара саясатының арқасы дер едім.

Бар берекенің бастауы  Ата Заңымыз десек, оның 27-бабында «неке мен отбасы, ана, әке мен балалар мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. Ана мен баланың қамсыз, қайғысыз өмірі үшін бірінші кезектегі  түйінді мәселелер Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Бұлар туралы тапсырмалар Президентіміздің жыл сайынғы халыққа жолдауларында да айтылып, арнайы қабылданған заң актілері мен басқа да ұйымдық шаралар арқылы өз шешімін тауып келеді. Бүгінгі күні әйелдер үшін елімізде құқықтық қорған берік те бекем орнатылған деп ауыз толтырып айтуымызға әбден болады. 

Әйелдердің конституциялық құқықтарының ең сенімді кепілі - ол Президенттің өзі болып табылады. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Туған елім – тірегім» атты кітабында : «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Әйел бесік иесі. Демек әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді. Бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген екен.

Елбасымыз өзінің әйелдер жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы қат-қабат ісінде осы ұстанымынан айныған емес. 

 Елбасымыздың осындай қамқорлығына орай қыз- келіншектер де еліміздің қарыштап дамуына лайықты үлес қосып келеді.  Бүгінгі күні Парламенттің төменгі палатасынның және жергілікті биліктің өкілетті органдарының әрбір төртіншісі –әйелдер. Сондай-ақ, биліктің атқарушы органдары басшылығында да әйелдер саны өсіп келеді. 

2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бойынша алдағы уақытта мемлекеттік органдар басшыларының 30 пайызы әйелдер өкілі болуға тиіс деп межеленіп отыр.  Алғашқы генерал атағының прокурор әйелге берілгені тіпті де тегін емес. Оны өз басым құқыққорғау саласында тер төгіп жүрген бүкіл 90 мыңнан астам қыз-келіншектер мен еліміздегі бүкіл әйелдердің еңбегіне көрсетілген құрмет деп түсінемін», - деді С. Айтпаева.

Анықтама:Сәуле Айтпаева – Қазақстан тарихында генерал шеніне ие болған тұңғыш әйел

С.Айтпаева «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» (2001 ж) атағына ие болып, «Ерен еңбегі үшін» (2005 ж) медалімен марапатталған.

Р.Рудненко атындағы Свердлов заң институтын «құқық тану» мамандығы бойынша тәмамдады.  

2012 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының  Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Төрайымы 3-ші дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі болып тағайындалды.

Құқық қорғау және арнайы орган ақпараттық айналым жүйесін (ҚАО ААЖ), «Айқын» үндеуі барысын бақылау жүйесін енгізді.

С. Айтпаева – кәсіпкерлерді қолдау жобасы – «Бизнес тірегі» порталының бастаушысы, сонымен қатар «Тексерісті тіркеудің электрондық  журналы» жүйесі мен «е-Жоспар» тексерісін электрондық  жоспарлау жобасының негізін қалаушы.

Тұрмыс құрған, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Барлық жаңалықтар