Қ.Айтуғанов: ШОБ тексерісіне мораторий жүргізу – дер кезіндегі шешім

8 Наурыз, 2014 10:30
ШОБ тексерісіне мораторий жүргізу – дер кезіндегі шешім. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде «ҚазАгро» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

«Біздің ойымызша, ШОБ тексерісіне мораторий – дер кезіндегі шешім. Әрине, бұның экономикалық қыры да бар, тексерістік жоқтығы себепті қазынаға қаражат құйылмай қалады. Алайда 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта кәсіпкерліктер өздерінің шаруаларын дөңгелетіп алып кету мүмкіндігіне ие болады», - дейді Қ.Айтуғанов.  

Оның айтуынша, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығындағы шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.

«Бүгінде шаруа қожалықтарындағы кәсіпкерліктер қанат жаюда. Әрине, бұл жағдайда келеңсіздіктер де жоқ емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында да айтқан. Бұл бірінші кезекте қаржыландыру көздерінің жетіспеушілігі», - дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, бастысы – аудан әкімдіктері деңгейіндегі жергілікті атқарушы органдар мен «ҚазАгро» ұлттық холдингінің әріптестік құруы.

«Біздің 7 үлескер компания барлық спектрді қамтиды. Қазіргі таңда «ҚазАгро» холдингі холдинг құралы арқылы берілетін несиенің 48 пайызын береді. Қалған 52%-ын екінші деңгейлі банктер береді», - дейді Қ.Айтуғанов.

Барлық жаңалықтар