ЭКСПО-2017 қарсаңында Астанада вокзал мен әуетерминал салынады

4 Наурыз, 2014 14:45
ЭКСПО-2017 қарсаңында Астанада вокзал мен әуетерминал салынады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлімдеді.

«Біз жаңа бөлек терминал құрылысы мәселесін талқылаудамыз, мұнымен Көлік және коммуникация министрлігі айналысатын болады. Тағы да үлкен вокзал құрылысы қолға алынады. Осыған орай Астанаға келетін рейстің саны да артады. Аталмыш мәселе күн тәртібінде бірінші кезекте тұр. Әсіресе ең көп турист ағымы болатын бағыттарда рейс пен жолаушы тасымалын арттыру керек», - деді Н.Қаппаров.

Сонымен қатар, ҚОСРМ басшысының айтуынша, ЭКСПО халықаралық көрмесі аумағында «жасыл» технология тәсілімен салынған алғашқы сауда орындарының бірі бой көтереді.  

«ЭКСПО аумағында салынатын сауда орталығы ТМД  елдерінің ішіндегі ең үздіктердің бірі болады. Сонымен қатар ол әлемдік деңгейде «жасыл» технология бойынша салынған алғашқы сауда орталықтарының біріне айналмақ», - деді министр.

Оның айтуынша, халықаралық компаниялар ол жерден жалға сауда нүктелерін алып, атақ үшін ғана әріптестік құруға мүдделі болуы мүмкін.

Барлық жаңалықтар