• Басты
  • 61 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы аннуитеті шартына қол қойған

61 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы аннуитеті шартына қол қойған

24 Ақпан, 2021 14:33

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға зейнетақы аннуитеті келісімшарттар бөлігіндегі түзетулер» түсіндірілді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Зейнетақы аннуитетін сатып алу не үшін қажет?

Заң бойынша Қазақстан азаматтары зейнет жасына толғанда зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-нан шешіп алуына болады. Зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда өмірді сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитетін сатып алу арқылы төлемдер ала алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер зейнетақы жинақтары біткенге дейін жүзеге асырылады, ал өмірді сақтандыру компаниясынан төлемдер алдын-ала нақты белгіленген мөлшермен өмір бойы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, зейнетақы аннуитеті бойынша тер адамдар 55 жасқа, әйелдер 52 жасқа толғаннан бастап төлемдер жасалынады.

Өмірді сақтандыру компаниясы зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді сақтанушының бүкіл өмірі бойы ай сайын жүзеге асырады және жыл сайын төлемдерге 5% пайыздан кем емес индексациялау қолданады. Сонымен қатар, зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлем мерзімін орнатуға болады, бұл опция сақтанушы қайтыс болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді мұрагерлерге беруді қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан азаматтары үй-жайын жақсартуға, ем қабылдауға зейнетақы жинағындағы қаражатының бір бөлігін шешіп алуға құқылы.

Зейнетақыны мезгілден бұрын шешіп алған жағдайда аннуитет шарты қалай жасалады?

 «Мемлекеттік аннуитеттік компания «ӨСК» АҚ Нұр-сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Назия Әбдірахманованың айтуынша, зейнетақы жинақтары осындай жағдайларға мерзімінен бұрын шешіп алса, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан адамдар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілігі шегінің сомасын қалдыруға міндетті емес.

«Мысалы, 2020 жылы зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеу үшін 55 жастағы ер адамның шамамен 12 млн.теңге зейнетақы жинақтары болуы тиіс еді. 2021 жылы жоғарыда аталған түзетулер күшіне енгеннен соң, 55 жастағы ер адамға зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеу үшін БЖЗҚ жинақтары 6,8 млн. теңге болуы жеткілікті», - деп түсіндірді ол.

Егер адамда БЖЗҚ-да 12 млн.теңге жинақталған болса, ол 6,8 млн. теңгені ӨСК-ға аудара алады, ал қалған 5,2 млн. теңгені заңда белгіленген мақсаттарға пайдалана алады, бұл ретте зейнетке ресми шығуды күтпестен өзіне 55 жастан бастап зейнетақы жинақтарының өмір бойғы ай сайынғы төлемдерін қамтамасыз етеді.

Маманның айтуынша, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін 45 жастағы ер адамдарда кемінде 6,2 млн теңге, ал әйелдерде кемінде 7,7 млн теңге болуы қажет.

«Мысалы, егер бүгін 55 жастағы адам әдеттегі зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеп, ӨСК-ға 7 млн теңге аударса, онда оның ай сайынғы төлемдерінің мөлшері 25 мың теңгеге тең болады», - деді ол.

Ал, егер 45 жастағы адам кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеп, төлемдерді алуды 10 жылдан кейін бастау шартымен ӨСК-ға сол 7 млн.теңгені аударатын болса, онда 55 жастағы оның ай сайынғы төлемдері 43 мың теңгеге тең болады.

Алдағы уақытта ай сайынғы төлемдердің мөлшері жыл сайын 5% - ға артатын болады.

«Жұмыс берушісі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген тұлғалар – бұл, әдетте, зиянды еңбек жағдайларымен жұмыс істейтін адамдар, 40 жастан бастап кейінге қалдырылған аннуитет шартын жасасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жағдайда олар үшін төлемдер 50 жастан басталады», - деді Н. Әбдірахманова.

Зейнетақы аннуитеті ережелеріне енген өзгерістер

 Зейнетақы аннуитеті бағдарламасы зейнетақының жинақтаушы бөлігінен табысты тұрақтандыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызды өнім болып табылады. Мұндай жүйе өз жинақтарын зейнетақы жасы келгенше ертерек алуға мүмкіндік береді және зейнетақы қорынан айырмашылығы төлемдердің өмір бойы төленуіне кепілдік береді.

2015 жылы ЖЗҚ-дан ӨСК-ға бір жыл ішінде аударылған жинақтардың жалпы сомасы 25 миллиард теңгені құрады. Қазір бір жылда салымшылар БЖЗҚ-дан ӨСК-ға 50 миллиардқа жуық ақша аударады.

Осы жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы қол қойған экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы заңмен зейнетақы аннуитеті сияқты сақтандыру өнімімен қамтамасыз ету ережелеріне елеулі түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер зейнетақы аннуитетін азаматтар үшін қол жетімділігін, әрі тартымдылығын арттыруға әсер етті. 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібек атап өткен негізгі өзгертулер мыналар:

- біріншіден, зейнетақы аннуитеті бойынша ең төменгі төлем мөлшерінің минималды зейнетақыдан ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% пайызына дейін өзгеруі, бұл аннуитеттің құнын шамамен 40% пайызға төмендеткен;

- екіншіден төлемдері кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. Бұл сақтандыру өнімі бойынша азаматтар 45 жастан бастап зейнетақы аннуитетіның шартын жасай алады, ал төлемдерді ересектер 55 жастан бастап, әйелдер 52 жастан бастап ала бастайды. 

Экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы Заң шеңберінде қабылданған түзетулерге сәйкес, зейнетақы қорының салымшыларында зейнетақы аннуитеті бар болған жағдайда, олар өздерінің міндетті зейнетақы жарналарынан жиналған зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін немесе ем қабылдау үшін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруына беру үшін қолдана алады.

 Қазақстанда зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан азаматтар

Қазіргі уақытта 61 мыңға жуық адам өмірді сақтандыру компаниясымен жалпы сомасы 283 млрд теңгені құрайтын зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған, осылайша өздерін зейнетке шыққанда өмірлік төлемдермен қамтамасыз еткен.

Сарапшылардың мәліметінше, Жыл сайын қазақстандықтар БҰЗҚ-нан өмірді сақтандыру компанияларына шамамен 50 миллиард теңге аударуда.

Журналистер тарапынан ануитеттік компанияға түскен азаматтардың ақшасына берілетін кепілдік туралы сұраққа ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысулар департаменті сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібек жауап берді.

Оның мәлімдеуінше, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін арнайы қор ашылды.

«Біздің агенттік қаржы ұйымдарының, соның ішінде сақтандыру ұйымарының қызметін бақылауда ұстайды. Сақтандыру компаниялары ай сайын есеп беріп отырады. Сол есепке қарап біз талдау жасаймыз. Егер көрсеткіштер нормаға сай келмей қалса, қиындықтар туындаса, заңнамада көрсетілген шаралар қабылданады. Мұндай жағдайлардың алдын алу құзыреті бізге берілген Ал егер ондай жағдай туындап қалса, сақтандыру компаниясы төлемдерді тоқтатса, онда бүкіл міндеттеме аталмыш сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін қорға жүктеледі», - деді С.Әжібек.

Сағи Әжібектің айтқандай, сақтандыру компаниясы салымшылардың ақшасын әртүрлі қаржылық құралдарға инвестициялайды. Бұл мәселені қарайтын Заң да бар екен. Ұлттық Банк ұсынған нормаларға сәйкес сақтандыру компаниясы табыстарын бағалы қағаздар мен шетелдік валюталарға жұмсайды.

"Мысалы, заң талаптарына сәйкес, компаниялар жоғары рейтингті және ликвидті болуы керек, яғни, қаржы керек болғанда оны тез сатып, төлемдер жүргізу мүмкін болуы үшін осындай талаптар қойылады», - деп қосты агенттік төрағасы.

 Қазақстандағы өмірді сақтандыру компаниялары

Қазіргі кезде Қазақстанның сақтандыру нарығында 9 өмірді сақтандыру компаниясы бар, олардың қызметі лицензия негізінде жүргізіледі және мемлекетпен бақыланады. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры есебінен зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерге кепілдік беріледі, бұл өмірді сақтандыру компаниясы банкроттық жағдайында зейнетақы аннуитеті бойынша үзіліссіз төлемдерді және сақтанушылар алдындағы міндеттемелерді орындаудың үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Барлық жаңалықтар