Астанада Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің отырысы өтуде

13 Ақпан, 2014 11:30
Бүгін Астанадағы Сауда-өнеркәсіптік палатасының қолдауымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің отырысы өтеді, деп хабарлайды Strategy2050.kz ақпарат агенттігі тілшісі.

«Біздің Франциямен және француз кәсіпкерлерімен өзара байланысымыз айтарлықтай жоғары деңгейде. Франция біздің Еуропадағы маңызды стратегиялық әріптесі болып табылады және саяси байланыстармен қатар біздің елімізге трансфертті технологияларды жүзеге асыратын индустрия саласындағы негізгі міндеттемелерді орындауда қолғабыс ететін экономикалық байланыстарды да кенжелетпеу керек. Сонымен қатар, өздеріңізге де белгілі, француз компаниялары техникалық прогрессті бастан кешіп жатқан компаниялардың ең ұшар басында», - деді «Визор Холдинг» АҚ басқарма төрағасы Айдан Кәрібжанов ҚФІК төрағаларының отырысында.

Айта кету керек, шараға қатысу үшін Франциядан бизнес-делегация тобы арнайы келді. Оның құрамында 40-тан астам жетекші компаниялар мен экономикалық ұйым өкілдері бар. Олардың көпшілігі «Тоталь», «Альстом», «Арева», «Вика», «Шнайдер Электрик» секілді заманауи инвестициялық жобаларда қызмет етеді.

Өз кезегінде, қазақстандық тараптан ұлттық компаниялардың, экономикалық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының 50 шақты өкілі қатысты.

«Біз 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Елдеріңіздің экономикалық қуаттанып, Орта Азияда ірі мемлекеттің біріне айналып келе жатқанын байқап отырмыз. Елдеріңізде экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа үрдісі қалыптасуда. Біздің кәсіпкерліктердің кейбірі Қазақстанға орнығып, елдің дамуына үлес қосуда. Шараға қатысып отырған кәсіпкерліктердің 25%-ы Қазақстанға алғаш табан тіреп отыр», - дейді «Тоталь» вице-президенті Ив-Луи Даррикаррер.

Отырыс 3 пленарлық сессияға бөлінді. Шараға қатысушылар адам ресурсы, өндірісті орнықтыру, «ЭКСПО-2017» жобасы, сонымен қатар КО пен ДСҰ мәселелерін талқылайды.

Барлық жаңалықтар