Қазақстандық әскерилер «Бейбіт миссия - 2014» келіссөздеріне қатысуда

12 Ақпан, 2014 13:00
Бейжіңде «Бейбіт миссия - 2014» террорға қарсы бірлескен әскери оқу-жаттығуларының алғашқы штабтық келіссөздері өткізілуде. Келіссөздерде ҚР Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев бастаған қазақстандық әскери делегация оқу-жаттығудың жоспарын, мақсаты мен тапсырмаларын, сондай-ақ ұйымдастыру мәселелерін талқылауда.

ҚР Қорғаныс министрлігінде хабарлағандай, Шанхай ынтымақтастық ұйымы форматындағы командалық-штабтық оқу-жаттығулары дәстүрлі түрде ШЫҰ-на мүше мемлекеттер аумағында екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Аталған іс-шараға Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының әскери контингенттері қатысады. Биыл «Бейбіт миссия - 2014» оқу-жаттығулары Қытай Халық Республикасының аумағында өтеді.

 «Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық Қазақстанның көп векторлы саясатының маңызды элементі болып табылады және ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлкен үлес қосады. Қазақстан ШЫҰ-ның өзара сенімді нығайту, достық пен тату көршілік, көпсалалы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ бой көрсеткен террорлық, сепаратистік және экстремистік әрекеттерге бірлесіп қарсы тұра білу мақсаттарына жақын», - деді Генерал-майор Мұқан Дүйсекеев.

2010 жылы «Бейбіт миссия» оқу-жаттығулары Қазақстанның Мәтібұлақ полигонында өткен болатын.

 

 

 

Барлық жаңалықтар