Ақмола облысында баға мәселесі аймақ басшысының бақылауында

12 Ақпан, 2014 12:42
Теңге бағамының өзгертілуіне байланысты Ақмола облысында аймақ басшысы Қосман Айтмұхаметовтың басқаруымен жедел жұмыс тобы құрылды. Кеңес барысында облыс әкімі облыстық басқармалардың бастығына, аудан мен қала әкімдеріне әлеуметтік-маңызды азық-түлік өнімдері мен азық-түлік емес тауарлардың және жанар-жағармай бағасына күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.

Облыстық әкімдікте  хабарлағандай, өңір басшысы басты басымдықты ұн бағасын мониторинг жасауға берді.  Жедел топтар бағаны бақылап және оның сәл ауытқуы туралы ақпарат беріп отырады. Ұлттық банктің облыстық филиалымен бірлесіп жұмыс тобы айырбастау пункттеріне валютаны сату және сатып алу бойынша  бекітілген дәлізді сақтауына қатысты мониторинг жүргізеді. Ал, бекітілген бағамға бағынбай өз қалауынша валютанын сатқан мекемелерге жаза қолданылады, тіпті олардың лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. 

Келелі кеңес барысында қалыптасқан жағдай бойынша Көкшетау, Степногорск, Атбасар, Бурабай, Целиноградск және Есіл ауданының әкімдері есеп берді.  ОБлыс әкімінің тапсырмасы бойынша дәл осындай жұмыс тобы қалалар мен облыстың аудандарында құрылды.

Бұдан басқа, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен, жанар-жағармай жеткізушілермен, ірі сауда орындарының басшыларымен  жиналыс өткізіледі. Сондай-ақ олармен бағалардың негізсіз қымбаттауын және бөлшек сауда орындарына бекітілген бағамен тауарлардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында Меморандумға қол қойылады.

Сонымен қатар, жағдайды түсіндіру мақсатында БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіледі. 

Барлық жаңалықтар